Алматыда маска тағу режимі күшейтілді: полицейлер, әкімдік қызметкерлері және еріктілер түсіндірме жұмысын жүргізуде

25.05.2020 19:20

Тұрғындарға маска тарату шарасы Алматының барлық ауданында жүргізіліп жатыр

Almaty.tv

Көктем шығып, күн ысығалы адамдар да далада жиі серуендейтін болды. Бірақ карантин талаптарын сақтап жүр ме? Қарапайым маска тағып, әлеуметтік ара қашықтықты ұстана ма? Алматы полицейлері, әкімдік қызметкерлері және еріктілер қалада түсіндірме жұмысын жүргізіп жатыр. «100 пайыз маска тағу» шарасына Almaty.tv тілшісі қатысып қайтты.

Төтенше жағдай аяқталды. Кәсіпорындар жұмысын жандандырды. 3 адамнан көп болмаса, серуендеуге рұқсат берілді. Екі айдан астам уақыт шектеуде болған тұрғындар далаға шыға бастады. Ол түсінікті. Таза ауа жұтып серігу қажет. Бірақ қауіпсіздікті естен шығармау керек қой. Бетперде киіп, карантин талаптарын ұстанған жөн. Осы орайда Алматыда 100 пайыз маска  тағу шарасы қолға алынды.  

Кешеден бастап қалалық полицейлер, әкімдік қызметкерлері және еріктілер мегаполистің адам көп шоғырланатын жерлеріне барып түсіндірме жұмысын жүргізді.    

Дәл осындай маска тарату шарасы Алматының барлық ауданында жүргізіліп жатыр. Бірнеше адамнан құрылған топ бетперде тақпағандарға маска беріп, ережені ескеру керек екенін айтуда.

«Мұндай шара әлі де жалғасады. Ең алдымен адамдар өзінің қауіпсіздігіне назар аударса дейміз. Біздің мақсатымыз соны әр адамға жеткізу», – деді  Медеу ауданы әкімінің орынбасары Айдос НҰРЛЫБАЕВ.

Маска тақпаған адам жауапкершілікке тартылмайды. Алайда, өзгеге зиян келтірмеуді, өзі аурып қалмаудың амалын қарастыру керек дейді бастамашылар.

«Төтенше жағдай аяқталғанымен, карантин режимін сақталатынын түсіндіреміз. Және халықты бетпердемен жүруге шақырамыз. Себебі бетперде дерттің алдын алу шараларының бірі», – деді Алмалы ауданы Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Абылайхан МҰСТАФА.

Ал, тұрғындар серуенге себепсіз шықпайтындарын айтады. Таза ауада демалса да, сақтық шараларын ұстанатындарын жеткізді.  

БЛИЦ:

1. Заңға бағынатын адамбыз. Тәртіпті сақтау керек.

2. Карантин тәртібін қатаң түрде сақтаймыз. Бетперде, қолғап, антисептік – бәрі бар.

3. Бетперде киеміз. Санитайзерлер бар. Далаға шыққанда да осылай шығамыз.  

4. Сақтық шараларын сақтаңыздар. Соған шақырамыз.

Мұндай түсіндірме жұмыстары қаланың барлық 8 ауданында кеше басталды. Алдағы уақытта да жиі жүргізілетін болады. Мақсат – қала тұрғындарына сақтық шараларын ұстанып жүруді ескерту, көшеге шыққан адамдардың 100 пайызын маскамен қамтамасыз ету.

Өмір Әнуарбек, Арсен Сандыбаев, «Алматы» арнасы