Жауапқа тартылған 957 адамның 670-і қамауға алынып, 115-і айыппұлмен құтылса, 170-тен астамына ескерту жасалған
Рұқсат етілмеген акцияға қатысқандар 6 күннен 15 күнге дейін тиісті жазаларын өтейді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бас Прокуратураның Қоғамдық мүдделерді қорғау қызметінің бастығы Сапарбек Нұрпейісовтің айтуынша, еліміз бойынша жалпы митингке қатысы бар 957 адам сот шешімімен әкімшілік жауапқа тартылған. Оның ішінде 670 адам қамауға алынып, 115-і айыппұлмен құтылса, 170-тен астамына ескерту жасалған.
«Қадағалау өкілеттігі аясында прокуратура ұсталғандардың заңсыз әрекетке жол бергенін біле тұра, 311 адамның отбасылық жағдайын ескеріп, қамау мерзімін қысқарту бойынша ұсыным хат жіберді. Сол бойынша 63 адам бүгін бостандыққа шығады. Әлі 180 адам қамауда жатыр: оның 80-і – Нұр-Сұлтан қаласында, 100-і – Алматыда. Олар 6-15 күн аралығында сонда қалады», – деді ол.
9-10 маусымдағы жағдайлар кезінде журналистер де ұсталған. Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында қолға түскен жаңалық жаршыларының көбісінде микрофон, бейнекамера болмаған. Сондықтан тек ұялы телефонға түсірген оларды көппен бірге полиция ұстап әкеткен.
«Көшеге шыққандардың арасында бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері де болды. Нұр-Сұлтан мен Алматыда 9 журналист ұсталды. Олар заңғы қайшы әрекет жасағандықтан, солай етуге мәжбүр болдық. Бірақ кейіннен олардың журналист екенін білген соң босаттық», – дейді Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Мақсат Байболов.