Қазақстанда соттасу құны қымбаттауы мүмкін

sputniknews.kz
sputniknews.kz
Сенаторлар ұсақ-түйек мәселелердің сотқа түсуін азайту мақсатында мемлекеттік бажды көбейтуді ұсынды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Судьяларға халық сенбейді». Осылай деген Парламент сенатының депутаттары бүгін сот қызметін оңтайландыратын құжатты қарады. Ал Жоғарғы сот төрағасы Жақып Асанов салада біраз өзгерістер болуы мүмкін екенін айтты. Фемида өкілдерін тағы қандай жаңалық күтіп тұр? Тақырыпты Almaty.tv тілшісі толықтырады.  

Сенаттың бүгінгі отырысы әуелі сот жүйесі мен судъялардың қызметіне арналды. Парламент сенатының депутаты Мұрат Бахтиярұлы жоғарғы сот төрағасына мемлекеттік бажды ұлғайту керектігін ұсынды. Себебі, азаматтар болмашы істер үшін сотқа жиі жүгінетін болған-мыс.

«Әлемнің дамыған мемлекттерінде соттасу көп шығынды қажет етеді. Мысалы, Англияда төменгі сотқа талап етудің ең төменгі талабы – 17 мың теңге, округтік аппеляциялық сотта – 68 мың 460 теңге, Жоғарғы сотта – 117 мың теңге, Франция мен Германияда – 15 мың, Ресейде – 10 мың теңге. Осыған байланысты сұрақ туындайды. Өте ұсақ, шешімі табылатын мәселелердің сотқа келуін азайту мақсатында мемлекеттік баж мөлшерлемелерін көтеруге Жоғарғы соттың төрағасы ретінде пікіріңізді білгім келеді», – деді ҚР Парламенті сенатының депутаты Мұрат БАХТИЯРҰЛЫ.

Сенатор айтқан мәселе талқыланып жатыр деді Жақып Асанов. Оның сөзінше 2016 жылы 1,7 миллион іс қаралса, 2017 жылы 2,7 миллионға жеткен, ал былтыр  қаралған іс 4,5 млн-нан асыпты.  

«Әрине, дауласқан тараптардың көбісі  мемлекеттік баж арзан болғандықтан, татуласудың, бітісудің, келісудің  жолын іздемейді. Олар медиаторға бармайды. Өйткені, медиатор қымбат болуы мүмкін. Сондықтан тікелей сотқа жүгінгенді жөн көреді. Сол себепті бұл мәселе шешімін табуы тиіс. Бірақ қазір қалай шешімін табатынын айта алмаймын. Дегенмен, алға қойған міндетіміз бар. Мүдделі органдармен қазір келіссөздер өткізіп жатырмыз», – деді ҚР Жоғарғы сот төрағасы Жақып АСАНОВ.

Ал сенатор Дариға Назарбаева судъяларға деген елдің сенімі жоқ деді. Оның айтуынша, Фемида өкілдері көп істі дәлел-дәйексіз қарайды.

«Сот шешімдеріне көбіне жеке тұлғалардың куәгерлігі мен айтқаны қабылданады. Осының өзі-ақ судъяларға адамды қамау туралы шешімді шығаруға жеткілікті болып жатады. Осындай жайттарды азайту үшін қандай жұмыстар жүргізілуде?», – деген сауал қойды ҚР Парламенті сенатының депутаты Дариға НАЗАРБАЕВА.

«Заңнаманы ізгілендіру аясында елімізде өткен жылдан бері түрмеге қамау, үйқамаққа алу сынды жағдайлар азайып келеді. Әрине, жағдайды әлі реттеу керек. Бұл мәселе баяғыдан бар. Былтыр 30 мың үкім шықты. Бұл орташа көрсеткіш. Барлық сот отырысы жазылып отырады», – деп жауап берді  Жақып АСАНОВ.

Айта кетейік, алдағы уақытта судъя болам дегендерге жаңа талаптар қойылады. Олар полиграфия, яғни адамның өтірік яки шын айтқанын анықтайтын құрылғыдан өтуі міндеттеледі. Сонымен қатар, саладағы маманның бір орынға екі рет сайлануы қайта қаралмақ.

Нұржан Сәдірбай, «Алматы» телеарнасы, Астана



Новости партнеров