Ауыз сумен қамту жұмысы сылбыр: Үкімет басшысы жауаптылар жұмысын сынға алды

inform.kz
inform.kz
Жыл соңына дейін 115 ауылдың қажетті жобалық құжаттамасын әзірлеуді тапсырды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Халықты ауыз сумен қамту жұмыстары сылбыр жүріп жатыр. Осылай деген Үкімет басшысы бүгін өңірдегі жауаптылар жұмысын сынға алды. Әлихан Смайылов тіршілік нәрімен қамтамасыз ету кезінде жер-жерде шатқаяқтап тұрған бірқатар шаруаға тоқталды, деп хабарлайды Almaty.tv

Мәселен, Абай, Алматы, Атырау, Жамбыл, Түркістан облысында құрылыстың жобалық құжаттамасы әлі дайындалмаған. 154 ауылға су тазарту модульдерін орнату қажет болғанымен, Алматы, Батыс Қазақстан, Қызылорда және Түркістан облысының әкімдіктері қажетті қаражатты толық көлемде бермеген. Салдарынан аталған аймақтың тұрғындары биыл да сусыз қалуы әбден мүмкін. Осы ретте Премьер-министр жергілікті жердегі жұмыстың жүйесіздігінен халықтың арыз-шағымы көбейгенін тілге тиек етті. Үкімет басшысының ақпарынша, жыл басынан бері ауыз суға тарыққан тұрғындардан 9 мыңнан астам шағым түсіпті.

– Атқарылып жатқан жұмыстар қарқыны баяу. Мысалы 2021 жылдың қорытындысы бойынша сумен қамту ауылдарда 93 пайыз, ал қалаларда 98 пайыз. Жылдық өсім 1 пайызға да жетпей отыр. Ауылдарды сумен қамтамасыз етудің жоспарлы көрсеткіштері орындалмай ма деген қауіп бар. Яғни, бұл аталған мәселеге қатысты жергілікті жердің атқарушы органдары белсенді жұмыс істемегенін білдіреді, – деді ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов.

Алдағы 2 жылда ел бойынша 25 қала мен 1 мың 395 ауыл халқын таза ауыз сумен қамтамасыз ету қажет. Бұл ретте Әлихан Смайылов «аяқталмаған құрылыстарды» тез арада ретке келтіру керегін еске салды. Оларға уақыт созып жүргенде, қолданыстағы инфрақұрылымдар жарамсыз болып қалатынын ескертті. Мұнымен қоса, жыл соңына дейін 115 ауылдың қажетті жобалық құжаттамасын әзірлеуді тапсырды.

Новости партнеров