Олар енді Мысырда оқып жатқан 80-ге жуық қазақстандық студентке ауызашар бермек
Қазақстан жастары Африкада 250 адамға арнап дастархан жайған. Қайырымдылық шарасын Африкадағы мұсылман халқына ауызашар беретін қор ұйымдастырыпты. Алматы қаласы мен Ақтөбе облысында тұратын 50-ге жуық жас аталған қорға ақша аударған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Ұйымдастырушылардың бірі Ержан Мизамов ел тұрғындары Африка халқының жағдайына қарап, шүкірлік етсе екені, дейді.
«Қасиетті Рамазан айындағы игі істердің төресі - ауыз аштыру. Африка мұсылмандары ауыздарын қара сумен ашатынын естігенде, соларды бір тойдыруға ниет туындады. Олардың күнкөріс деңгейлері өте төмен. Ауызашар бағдарламасы бойынша, бір адамды тамақтандыруға 1 доллар, яғни 380 теңге шамасында жұмсалады екен. Қазақстанда бұл баға бір адамға - 600-1500 теңге. Оның үстіне, елімізде ауызашар беріп жатқандар өте көп. Өңірлердегі әрбір мешітте де олар күнделікті тегін ұйымдастырылады. Аталмыш елдегі халықтың жағдайына қарап шүкіршілік етсек деген ой», - дейді Мизамов.
Сонымен қатар ол қазақстандық жастар енді Мысырда оқып жатқан 80-ге жуық қазақстандық студентке ауызашар беруді жоспарлап отырғанын айтты.