Биыл Қазақстан аумағы арқылы транзитпен 70 млн сәлемдеме жіберу қарастырылып отыр
Заңды тұлғалар үшін жеңілдетілген тауар экспорты қызметі енгізіледі. Бұл туралы Астанада баспасөз мәслихатында «Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы Сәкен Сәрсенов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Менің ойымша, 2019 жыл Қазақстан кәсіпкерлері үшін онлайн тауарлар экспорты рәсімдерін жеңілдету жылы ретінде есте қалады. Тиісті заңнамалық қадамдар ескерілді. Құжаттарды пайдалану Дүниежүзілік пошта одағы тәртібінде қаралады, яғни декларация ретінде қамтылады. Осы орайда заңды тұлғалар үшін жеңілдетілген тауар экспорты қызметін енгізуге жол ашады», - деді С. Сәрсенов.
Бұл тұрғыда экспортталатын тауарларды рәсімдеу кезінде клиенттің «диалогы» пошта бөлімінде ғана іске асырылып, бірнеше минуттың ішінде атқарылады.
«Яғни кәсіпкер кеден қызметкерлерімен, салықшылармен рәсімдерді жүргізбейді. Кеден органдарында экспорттық рәсімдеу бойынша жұмыстар тауарды жөнелтушінің қатысуынсыз іске асырылады. Біз пошта қызметі ретінде барлық шараларды атқарамыз», - деп түсіндірді «Қазпошта» басшысы.
Бұдан бөлек ол 2019 жылы 53 млн халықаралық сәлемдемені қабылдау жоспарланып отырғандығын атап өтті. 2018 жылы бұл көрсеткіш 35 млн болған еді. Сонымен қатар, биыл Қазақстан аумағы арқылы транзитпен 70 млн сәлемдеме жіберу қарастырылып отыр.