«Ерекше жандар» деп аталған мерекелік кешке жиналған жандар жаңа жыл қарсаңында қуанышқа кенелді
Келер жылдан үлкен үміт күткен олар айтулы мерекеде ән шырқап, би билеп, өнерлерін ортаға салды. Түрлі ойындарға белсене қатысқандар сыйлықтарға да ие болды. Олар ұйымдастырушыларға ризашылықтарын білдіріп, осындай шаралар жиі ұйымдастырылып тұрса деген ізгі ниеттерін жеткізді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі
«Өте қуаныштымыз. Бізді елеп шақырып отырғандарына өте қуаныштымыз. Бізді мұндай ортаға күнде шақыра бермейді. Шақырса, жылына бір рет шақырады. Міне, бүгін өзімнің тағдырлас, қатарлас, мұңдас құрбы-құрдастарымды көріп жатырмын. Бұл да бізге берілген бір өмірдің сыйы шығар. Тағдырлас мұңдастарыма тек Алла сабыр берсін», - деді Жанар ИНАҒЫМБАЕВА.
Ал, игі іске бастама болған Нұрсұлтан есімді жігіт небәрі 20 жаста екен. Оған шараны ұйымдастыруға қаладағы мейрамхананың бірі мен бірнеше ерікті азаматтар қолдау көрсеткен. Нұрсұлтанның ойынша, мүмкіндігі шектеулі жандар мереке кезінде назардан тыс қалмауы тиіс. Сондай-ақ, ол қамкөңіл жандардың арман-тілектерін орындауға аз да болса үлес қосқысы келгенін жеткізді.
«Мұндай қайырымдылық бал биыл бірінші рет ұйымдастырылып жатыр. Былтыр 700 мүгедек жанға арналған өнер жұлдыздарының қатысуымен концерттік кеш өткен болатын. Ал 11 қыркүйекте «Алатау» дәстүрлі театрда кеш өтті. Одан кейінгі іс-шара осы қайырымдылық кеш. 2020 жылды осындай қайырымдылықпен бастасақ деп отырмыз», - деді «Ерекше жандар» жаңа жылдық кешінің ұйымдастырушысы Нұрсұлтан АСҚАРҰЛЫ.
Думанды кешті белгілі актер Дәурен Айдарқұлов жүргізіп, көптеген өнер иелері ән шашуын тарту етті.
«Бүгінге мен ешқандай жоспар құрмаған едім. Құдай өзі менің осы іс-шараны жүргізуім үшін бүгінгі күнімді бос еткен шығар. Кеш туралы естігенде, қуана келістім», - деді актер Дәурен АЙДАРҚҰЛОВ.