Табиғат жанашырлары дабыл қағуда
Арнасынан аспақ түгілі, өз деңгейіне жете алмай тұрған Балқаш көлінің тағдырына табиғат жанашырлары алаңдаушылық білдіріп, дабыл қағуда, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Қазақстанның туризмін түлетеді деп көпшілік атой салатын Балқаш көлінің болашағы елді алаңдатуда. Өйткені, көл деңгейі соңғы жылдары 2 метрге дейін түсіп кеткен. Биылдың өзі 15 сантиметрге ғана молайыпты. Көлдің тартылуы ондағы тіршілік иелеріне де айтарлықтай зиянын тигізіп отыр дейді ғалымдар.
Балық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығының Балқаш бөлімшесін басқаратын Еркінбек Құматаевтың айтуынша, бұл экологиялық мәселе. Ақпар үшін айтайық, 2021 жылдан бастап көл айтарлықтай тартылып, балық азайып кеткен еді. Суасты тіршілік иелерінің табиғи көбеюіне жайлы, жағалауға жақын жерлер таяздана бастаған. Қазір ғылыми орталықта балықты қолдан көбейту жұмысы жүргізілуде. Бірақ Балқаштың балығын молайту үшін үлкен қойма салыну керек.
- Су деңгейі түскен сайын балыққа, атап айтқанда, балықтың уылдырық шашуына зиянын тигізеді. Мына қамысты, жақсы жайылымды, уылдырық шашатын аумақтарда су деңгейі түсіп, ол жаққа балық кіре алмайды. Жалпы аумағы 18 мың гектарды алып жатқан көлде су көлемі - 100 текше шақырым. Тереңдігі орташа есеппен 6 метрге жуық. Оған 5 өзен құяды десек, соның дені Іледен келеді, - дейді «Балық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы» Балқаш бөлімшесінің басшысы Еркінбек Құматаев.
Көршілес Қытайдан бастау алатын бұл өзеннен соңғы жылдары су аз келуде, дейді мамандар. Егер көл осы бетімен тартыла берсе, келешекте су жолдарының бағыттары да өзгеруі мүмкін. Бірақ әзірге ондай қауіп жоқ.
- Су деңгейінің түсуі – кеме жолдарының қауіпсіздігіне әсер еткен жоқ. Барлық бағыт сақталған. Көлдің тереңдігін үнемі тексеріп отырамыз. Қандай да өзгерістер болса, міндетті түрде алдын алу шараларын жасаймыз, - дейді «Қазақстан су жолдары» РМҚК Іле-Балқаш филиалы өндірістік қызмет басшысының міндетін атқарушы Роман Даукаев.
Балқаш шаһары өндірісті қала болғанымен экологтар көлге маңайдағы кәсіпорындардан қауіп жоқ дейді. Бұл мақсатта мониторинг жүргізіліп, тұрақты терсеріс жүргізіледі.
- Балқаш көліне өндірістік қалдықтар ағызылмайды. Біз мұны үнемі бақылауда ұстап отырмыз. Тек су алатын кәсіпорындар бар. Бірақ инспекцияның рұқсатымен белгілі бір мөлшерде ғана пайдаланады. Оның өзінде пайдаланылған суды сүзгіден өткізіп, анағұрлым таза етіп көлге қайта құяды. Табиғи тепе-теңдіктің бұзылуына еш әсері жоқ, - дейді Экология департаментінің Балқаш қаласы бойынша мемлекеттік инспекторы Шолпан Өтебаева.
Балқаш көлінің болашағы Іле өзенінен келер суға да тікелей байланысты. Әзірге мамандар шағын шығанақтарды азайту арқылы мәселені уақытша болсын шеше тұруға кеңес береді. Ал, Аралдың кебін киіп қалмас үшін билік ғалымдармен бірлесе жұмыс істемесе, болмай тұрғаны тағы бар.
Мақсат БЕЙСЕНАЕВ, «Алматы» телеарнасы Қарағанды облысы
Оқи отырыңыз: Жер дауы: Алматы облысындағы елдімекеннің кіреберіс жолы жабылуы мүмкін