Еңбек және халықты әлеуметтік министрлігі тиісті заң жобасын әзірлеп қойған.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев 2020 жылдан бастап еңбек қабілетін жоғалтқан азаматтар мен асыраушысынан айырылған отбасыларға төленетін әлеуметтік төлемдерді 30%-ға өсіруді тапсырды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Назарбаев былтыр әлеуметтік көмектер әжептәуір ұлғайғанын атап өтті.
«Үкіметке 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап еңбек қабілетін жоғалтқан және асыраушысынан айырылған азаматтарға төленетін әлеуметтік төлемнің өсімін 30 процентке дейін қамтамасыз етуді тапсырамын. Мадина (Әбілқасымова, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі), мұны жасау мүмкін бе?», — деп сұрады президент Үкіметтің кеңейтілген отырысында.
Әбілқасымованың айтуынша, тиісті түзетулер заңнамаға енгізілген.
«Заң жобасы әзірленді, наурыз айында парламентке енгізіп, тапсырманы орындаймыз», — деп сендірді министр.
Сондай-ақ, ведомство басшысы Қазақстанда алғаш рет мүгедектерді қорғау бойынша кешенді біріктірілген жоспар әзірленіп жатқанын мәлімдеді.
«Бұл инклюзивті білім беру, жұмыспен қамту, мүгедектіктің алдын алу, кедергісіз орта, әлеуметтік қызметтер сапасын арттыру мәселелері», — деді Әбілқасымова.