Зорлық-зомбылыққа тап болған жағдайда қайда хабарласу керек

08.01.2024 19:35

Өткен жылы отбасына жәбір көрсету ісі бойынша әкімшілік қамауға алынған айыптылардың саны артқан

elements.envato.com

Өткен жылы отбасына жәбір көрсету ісі бойынша әкімшілік қамауға алынған айыптылардың саны артса, татуласқан отбасы саны 27 мыңнан асқан, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Кazinform.kz-ке сілтеме жасап.

«Отбасылық зорлық-зомбылық көрсету фактісі тіркелген соң әкімшілік іс қозғалады. Бұл ретте құқық бұзушының сотта бір рет қана татуласуға құқығы бар. Соңғы құқықтық бағалауды сот шешеді», - деді Ішкі істер министрлігі әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Ренат Зұлхайыров ведомствода өткен брифингіде.

Министрлік деректеріне сүйенсек, өткен жылдың екінші жартысында 50 мың өтініш қаралып, 30,6 мың материал бойынша әкімшілік іс қозғалған.

«Дегенмен әкімшілік қамауға алынған айыптылардың саны 2 есе артып отыр. Одан бөлек, сот арқылы 27 мыңнан астам отбасы татуласты. Айта кетсем, барлық өңірде тәулік бойы «111» және «150» нөмірлі жедел желісі жұмыс істеп тұр. Қоңырау шалған адамға кеңес беріліп қана қоймай, қолдау да көрсетіледі», - дейді спикер.