Кәсіпкерлерге өтемақы төлеудің негіздері мен жүйесі, мерзімі түсіндірілді
Алматыда қаңтар оқиғасы кезінде зардап шеккен 1500-ге жуық шағын және орта бизнес өкілдерімен кездесу өтті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Жиынды төтенше жағдай кезінде құрылған арнайы аймақтық комиссия өкілдері ұйымдастырды. Олар кәсіпкерлерге өтемақы төлеудің негіздері мен жүйесін түсіндіріп, жақын уақытта барлық шығынның мемлекеттік бюджет есебінен қайтарылатынын жеткізді. Сондай-ақ кәсіп иелері арнайы тағайындалған комиссияның қабылдаған шешімдерін тыңдап, атқарылған жұмыстармен танысты.
«Сәрсенбі күні біз жергілікті бюджет есебінен кәсіпкерлердің шығынын өтеу үшін қаржы бөлдік. Қазіргі таңда 2 кәсіпкерге толық өтемақы тағайындалды. Мүмкіндігінше жақын уақытта көмекке ие болу үшін барлық жапа шеккен азаматтарды бүгіннен қалдырмай өтініш беріп, құжат тапсыруға шақырамын», - деді Алматы қаласы әкімінің орынбасары Мақсат Қиқымов.