Алматы тұрғындарының саны 1 млн. 862 мыңға жетті

24.04.2019 21:36

Биыл бірінші тоқсанда 297 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, 911 мыңнан аса адам жұмыспен қамтылған

Максим Золотухин

Алматыда дүниеге келген қыздарға ең көп қойылатын ат Айзере, Раяна, Медина, Аяла болса, ұл балалар арасында Әлихан, Айсұлтан, Нұрислам, Әлинұр есімдері жиі кездеседі екен. Алматы қаласының статистика департаменті осылай мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.  

2019 жылы 1 наурызда мегаполис халқының саны 1 млн. 862 мың адамды құрап, былтырғы жылмен салыстырғанда 2,8% -ға ұлғайған. Ал, жалпы биыл қаңтар-ақпан айларында қалада 5 195 сәби дүниеге келсе, соның ішінде ең көбі Алатау және Әуезов аудандарында екендігі анықталды.  Сондай-ақ, осы жылы қалада 2100 неке тіркелсе, 1200 жұп ажырасып кеткен.

ҚР ҰЭМ Статистика комитеті Алматы қаласының Статистика департаментінің басшысы Бағлан ҚАРҒҰЛОВ сондай-ақ 2019 жылдың қаңтар-наурыз айларындағы Алматы қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуының қысқаша қортындыларына тоқталды.

«Алматы қаласында осы жылдың қаңтар-наурыз айлары бойынша күрделі салымдардың оң динамикасы байқалады. Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 131 млрд. теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 4,8%-ға артты. Оңтүстік астананың экономикасына көтерме және бөлшек сауда секторы қомақты үлес қосуда. Атап-айтқанда, тұрмыстық техника, автокөлік, азық-түлік, киім-кешек және өзге де тауарлардың саудасы биылғы үш айдың өзінде бөлшек сауда көлемі 707 млрд. теңгені құрап отыр», – деді ол.

Бұдан бөлек, Алматыда 2019 жылдың бірінші тоқсанында 297 мың шаршы метр  тұрғын үй пайдалануға беріліп, 911 мыңнан аса адам жұмыспен қамтылған.