10-сынып оқушысының сөмкесінен темекі табылған
Шымкент тұрғыны Бақытгүл Қожахметова 10-сыныпта оқитын қызын мектептегі полиция инспекторы телефонмен басынан бірнеше рет ұрғанын айтады. Сонымен қатар шенді қызметкер оқушыға «Түбіңе жетемін, анаңды ата-аналық құқығынан айырамын» деп қорқытқан. Ауыр соққы алған мектеп оқушысы жабық бас сүйек миының жарақаты, миының шайқалуы диагнозымен ауруханада жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Express Qazaqstan сайтына сілтеме жасап.
Бақытгүл Қожахметова қызын мектептегі учаскелік инспектор ұрды деп отыр. Оқиға 6 қазан күні болған. Оған себеп жоғары сынып оқушысының сөмкесінен табылған темекі.
«Мама, мектепте рейд болып, менің сөмкемнен темекі шықты. Ол қайдан жүр?» деп маған хабарласты. Мен таң қалдым. Өзім еріктімін, тұрғындар қажет емес заттарын өткізетін әлеуметтік дүкен бар. Бір туысымыз қайырымдылық ретінде қажет емес заттарын сонда өткізген болатын. Сөмкені қызым сол жақтан алды. Темекі сол сөмкенің ішінен шыққан болған боп тұр ғой», – деді Бақытгүл Қожахметова.
Келіншектің айтуынша полиция инспекторы қызын бөлек кабинетке алып кетіп, ауыр сөздер айтыпты.
«Сенің түбіңе жетемін. Қазір психологпен бірге наркологиялық диспансерге апарып, қаныңда никотин бар-жоғын анықтаймыз. Одан да темекі шегетініңді мойында» деп айтыпты инспектор.
Кейін қызымның қолындағы телефонды алып, ақтарған. Маған жазған хаттарды оқыған. «Қайда жүрсің?» деп жазғанымды оқыған полиция инспекторы «Сен анаңды да тыңдамайды екенсің. Сені бақылауда ұстай алмайды екен, анаңды ата-аналық құқығынан айырамыз, балаларын алып қоямыз» деп ауыр сөздер айтқан. Оны естіген қызым ашуланған. «Маған неге сенбейсіздер? Мен темекі шегетін болсам, осында-ақ тұрып шеге беремін» деп жауап қайтарған. Сол сәтте полицей қолындағы телефонмен қызымның басынан бірнеше рет ұрған», – деп ашуланды оқушының анасы.
10-сынып оқушысы дереу болған жағдайды анасына айтқан. Әйел мектепке барғанда ондағылар болған жайды жасырыпты. «Қызыңызға қолымыздың ұшы да тиген жоқ» деп бәрін жоққа шығарған.
Келіншектің айтуынша, полиция инспекторы бүгінде денсаулығына байланысты демалыста екен.
«Кезінде мектепте өзіміз де таяқ жедік, одан бір жеріміз сынып қалған жоқ қой деп адамгершілікке салынып, ешкімге шағымданбай үйге қайттық. Үйге келген соң қызымның басы ауырып, лоқси бастады. Болған оқиғаны қатты көңіліне алып, ашуланғаннан соң мазасызданып жатқан болар деп мән бермедім. Таңертең емханаға апардым. Сол жақта диагнозы қойылды. Қызым қазір балалар ауруханасында жатыр. Басының айналуы, лоқсуы әлі басылмаған. Дәрігерлер ауруханадан шығарған күнде де қызыңыз 1,5 жылдай невропатологтың бақылауында болып, ем-домды жалғастыруы керек деп отыр», – деді оқушының анасы.
«2005 жылы дүниеге келген қыз жедел жағдайда ауруханаға жатқызылды. Оған жабық бас сүйек миының жарақаты, миының шайқалуы диагнозы қойылды. Қазіргі таңда науқас нейрохирургтің бақылауында, тиісті емін алып жатыр», – деді Шымкент қалалық балалар ауруханасының травматология бөлімінің меңгерушісі Болат Нұсқабаев.
Мектеп оқушысы ауруханаға жатқызылған соң дәрігерлер полицейлерді шақырыпты. Бақытгүл Қожахметова инспектордың үстінен шағым түсіргенін айтты. Ол полицейдің жұмыстан кетуін талап етіп отыр. Айтуынша, қызы физикалық тұрғыдан бөлек, психологиялық соққы алған.
Шымкент қалалық Полиция департаментіндегілер бұл оқиғадан хабардар. Тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр.
«Аталған жайт учаскелік полиция инспекторы, полиция капитаны А.Атамбаеваның заңсыз әрекеттеріне байланысты деп көрсетілген. «Жеке және заңды тұлғалардың өтінішін қарау тәртібі туралы" заңына сәйкес, іс Өзіндік қауіпсіздік басқармасына жолданды», – деді Полиция департаментіндегілер.
Ал Шымкент қалалық білім басқармасындағылар оқиға толық зерделеніп жатқанын айтты.