Елімізде электронды темекі саудасы артып келеді

26.06.2023 19:41

Әлем нарығында зиянды өнімнің 16 мың түрі бар

opennews.kz

Вейп түтініне тәуелді жастар қатары күн санап артып барады. Елімізде электронды темекі саудасы 3 жылда 300 есе өскен, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Көк түтінге көмілгендердің дені – жастар. Жаға ұстатарлық статистика Президенттің де назарын аударды. Қасым-Жомарт Тоқаев зиянды өнімге тыйым салу керек екенін айтып, жауаптыларға қатаң ескерту жасады.

Жүзін көрсетпеуді өтінген бұл азаматтың электронды темекіні бір жарым жылдан аса уақыт пайдаланып келеді. Басында қызығушылықпен көрмек болған, кейіннен шылымның шырмауынан шыға алмай қалыпты. Мұны өзі де байқамаған екен.

– Алғашында қызық көріп, шеге бастадым. Уақыт өте қалай тәуелді болып қалғанымды өзім түсінбей қалдым. Кейіннен темекісіз тұра алмайтын күнге жеттім. Менде тұрақты жөтел пайда болды. Жүгірген кезде ентігетін болдым. Дем жетпей тұрады, – деді қала тұрғыны.

Вейптің саудасы қазір қызып тұр. Әлем нарығында зиянды өнімнің 16 мың түрі бар екен. 30-дан астам елде бұл шылымды сату заңмен шектелген. Ал біздің елде оны емін-еркін табуға болатынын сұраныстың 3 жылда 300 есе өскенінен-ақ байқауға болады. Мұндай рекордтық көрсеткіш бірде-бір нарықта жоқ. Будақ-будақ түтінге көмілгеннің көбі  жастар.

– Қазір жастар вейпті темекіге қарағанда зияны аз деп желеу етіп тұтынып жүр. Осылай өздерін алдайды. Әрине, дұрыс емес. Денсаулыққа өте зиян. Өкпенің қабынуына, жүрек-қан тамыры жетіспеушілігіне, ми тамырларының тарылуына әкеп соғады, – деді ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті басқармасының басшысы Розалина Ермекбаева.

Президент электронды темекіні есірткіге теңеп, нашақорлыққа бір ғана қадам қалғанын ашық айтты. Ұлттық құрылтай жиынында оған тоқтау салуға пәрмен берді. Үкіметке осынау қауіпті құбылыспен күресте жүйелі, шұғыл шара қабылдауды жүктеді. Енді вейп сатылымына толық тыйым салынуы мүмкін.

Кәмшат Мұхамеджан, Нұрлан Өтегенов, «Алматы» телеарнасы, Астана