Бүгінде майлы әрі ұзақ дайындалатын тағамдардың орнын денсаулыққа пайдалы түрлері басқан
Бүгінде жаңажылдық ас мәзірі өзгерген. Майлы әрі ұзақ дайындалатын тағамдардың орнын денсаулыққа пайдалы түрлері басқан. Мамандар соңғы жылдары осындай үрдісті байқапты. Тіпті дастарханды безендіру де қазір жаңаша дейді олар. Мереке қарсаңында Almaty.tv тілшісі аспаздармен тілдесіп, жаңажылдық ас мәзірін дайындаудың қыр-сырын біліп қайтты.
Жаңажылдық дастарxан дегенде, бәріміз «оливье» салатын елестетеміз. Алайда қазіргі таңда ас мәзіріне денсаулыққа пайдалы неше түрлі жаңа тағам түрі енгізілген. Соның бірі – «Поке боул».
Гавайи тілінен аударғанда «поке» сөзі «туралған» деген мағына білдіреді.
Пісірілген күріштің үстіне тәтті чили тұздығын жағып, чука салатын саласыз. Туралған черри қызанағы, бұршақ, тәтті жүгері, қияр мен лимон қосасыз. Ең соңында кесілген қызыл балық салсаңыз болғаны, тойымды әрі жаңа үлгідегі тағам дайын болады. Аспаздардың айтуынша, қазір халық арасында мұндай тағам түрі сұранысқа ие. Биылғы жаңажылдық ас мәзірінде ұзақ дайындалмайтын, пайдалы қоспалары бар дәм түрі көп дайындалады екен.
«Қазіргі таңда денсаулыққа пайдалы тағамдар сұранысқа ие. Асшаян, балық, салат жапырақтары сияқты ингридиенттерді көп пайдаланамыз. Жаңа жыл секілді мерекелік дастархандарға әдемі, пайдалы және тойымды тағамдарға көп тапсырыс беріледі», – дейді «Чак-чак» мейрамханасының басқарушысы Рашид Әбдірахман.
Мерекелік дастарханды көрікті ете түсу үшін бар болғаны 10 минутта асшаян қосылған салат әзірлеуге болады. Ол үшін қуырылған асшаян, салат жапырақтары, лимон, черри қызанағы, қарағай жаңғағы, бұрыш керек. Бәрін араластырып, бальзам тұздығын қосамыз.
Жаңажылдық дастархан әзірлеу үшін бұрынғыдай асүйде сағаттап уақыт өткізудің қажеті жоқ. Тез дайындалатын әрі тойымды «Поке боул» және дастарханның көркін аша түсетін ас шаяны қосылған өзге де салат әзірлесеңіз болады. Бұл кез келген талғамға сай және мерекелік дастарханыңызды әдемі ете түспек.
Жанар Ғаниқызы, Ялкунжан Ашимжанов, «Алматы» телеарнасы