Елімізде 14 мыңнан астам шетелдік көші-қон заңнамасын бұзған

25.10.2021 19:43

11-18 қазан аралығында елімізде «Нелегал Кордон» өңірлік операциясының екінші кезеңі өтті

Almaty.tv

Елімізде 14 мыңнан астам шетелдік көші-қон заңнамасын бұзған. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі Көші-қон қызметінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Бауыржан Омаров мәлім етті, деп хабарлайды Almaty.tv. 

Оның дерегінше, 613 жұмыс беруші шетелдік жұмыс күшін заңсыз пайдаланғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылса, 5 453 заңды және жеке тұлға полицияға өздеріне шетелдіктердің келгені туралы ақпаратты дер кезінде бермегені үшін айыппұл арқалаған. Сот талапты бұзғаны үшін елден шығару туралы 936 шешім қабылдаған.

«11-18 қазан аралығында елімізде «Нелегал Кордон» өңірлік операциясының екінші кезеңі өтті. Полиция қызметкерлері шетелдіктер тығыз тұратын орындарды, тұрғын үй секторларын, құрылыс алаңдарын, базарларды, шетелдік еңбек күшін заңсыз пайдаланатын ұйымдар мен жұмыс берушілерді тексеріп шықты. Операция барысында көші-қон заңнамасын бұзудың 14 116 фактісі анықталды. Оның ішінде 10282 шетелдік елде жүріп-тұру мерзімін бұзған. Сонымен қатар шетелдіктердің еңбек қызметімен заңсыз айналысуының 3 641 фактісі анықталды», – деді ҚР ІІМ Көші-қон қызметінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Бауыржан Омаров.