Дипломаттардың зейнетақысына үстемеақы қосылады

30.12.2020 19:44

Енді заңнамада дипломатиялық қызмет ардагері деген жаңа ұғым пайда болады

tengrinews.kz

Мәжіліс дипломаттардың зейнетақысына үстемеақы қосуды мақұлдады. Енді заңнамада дипломатиялық қызмет ардагері деген жаңа ұғым пайда болады, деп хабарлайды Almaty.tv.

Бұл санатқа зейнеткерлік жасқа толған және кемінде жалпы еңбек өтілі 25 жыл, оның ішінде Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызмет органдарында 15 жыл жұмыс істеген адамдар жатқызылады Сондай-ақ, дипломатиялық қызметке жаңадан келгендерге және шетелде жұмыс істегендерге жаңа талаптар мен кепілдіктер енгізіледі. Бұл мәселелер бүгін Мәжілістің жалпы отырысында талқыланды.

«Төтенше және Өкілетті Елші немесе халықаралық ұйымдар жанындағы Тұрақты өкіл лауазымын атқарған не Төтенше және Өкілетті Елші дипломатиялық дәрежесі бар дипломатиялық қызмет ардагерлеріне Үкімет айқындайтын тәртіппен және мөлшерлерде ай сайын ақшалай төлем төленетін болады», – деді ҚР Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді.

Сонымен қатар, бүгін мәжіліс жұмысы қортындыланды. Спикер Нұрлан Нығматулиннің сөзінше, төменгі палата депутаттары осы шақырылымда 60 заң жобасына өздері бастамашы болған.

«Оның ішінде, әлеуметтік қорғау, денсаулық сақтау, білім, шағын және орта бизнесті қолдау, экологиялық жағдайды жақсарту негізгі бағыттардың бірі болды. Қабылданған барлық заңдар халқымызды әлеуметтік қолдауға, елімізді одан әрі дамытуға ықпал ететіні сөзсіз... Осы уақыт ішінде палатаның қарауында 487 заң жобасы болып, оның 432-сі мақұлданып, Сенатқа жолданды. Ал, бүгінгі таңда 391 заң жобасына Мемлекет басшысы қол қойды», – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулин.