«Алматы» телеарнасы 6 ай бойы ұлын көрмеген анаға тосынсый жасады

«Алматы» телеарнасы 6 ай бойы ұлын көрмеген анаға тосынсый жасады
Cарбаз Дархан Нәшірбектің оқиғасы «Шешімі бар» бағдарламасының ұжымын бейжай қалдырмаған
Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Алматы» телеарнасы 6 ай бойы ұлын көрмеген анаға тосынсый жасады.

2020 жылы Мемлекет басшысының қаулысымен Еріктілер жылы деп жарияланған еді.

Әр саладағы жауапты қызметкерлер еріктілер жылын өз деңгейінде өткізуді мақсат етті.

Биыл Қазақстан халқы үшін ғана емес, тұтас әлем жұртшылығы үшін ауыр жыл болды. Жыл басынан бері тұтас дүниені аяғынан тік тұрғызған коронавирус пандемиясы біраз адамды әбігерге салды.

Түркістан облысында бірнеше ауылды су басып, халық шығынға ұшырады. Осындай сәтте ерікті атанып, артынан өзінің қалауымен әскерге кеткен сарбаз Дархан Нәшірбектің оқиғасы «Шешімі бар» бағдарламасының ұжымын бейжай қалдырмаған.

«Шешімі бар» бағдарламасының шақыруымен 6 ай ұлын көрмеген Гүлназира Мұратова Алматыға Түркістан облысы, Мақтарал ауданынан келді. Студияда Гүлназира Мұратова баласының әскерге не себепті өзі сұранып барғанын айтып берді. Оның сөзінше, Өзбекстандағы Сардоба су қоймасы жарылған кезде Түркістан облысының бірнеше ауылын су басады. Төтенше жағдай кезінде ержеткен баласы көрші ауылды су қауіпінен аман алып қалуы үшін бөгет жасап, ауыл тұрғындарына көмектеседі. Алғашқы көмекті ҚР Ұлттық Ұлан сарбаздары көрсеткендіктен, ұлы Дархан Нәшірбек ұландықтардың қатарында болуға шешім қабылдап, әскерге өзі сұранып барады. Әкесі де қарсы болмай, баласының бұл ойын құптайды.

«Баласы еліне қызмет етсе, ата-ана үшін одан артық қуаныш жоқ. Елін-жерін қорғасын, әр азматтың борышы» деген Гүлназира Мұратова телеарна ұжымына алғысын айтып, шығармашылық табыс тіледі.

Қазіргі уақытта ҚР Ұлттық Ұланы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының №5571 әскери бөлімінің сарбазы Д. Нәшірбек әскерде ата-анасының, жақындарының қадірін түсінгенін айтады: «Менен кейінгі бауырларыма айтар ақылым – әскерге әр жігіт баруы тиіс, оны әрбір азамат көруі қажет. Себебі, ол – Отан алдындағы ер-азаматтың ең бірінші борышы. Әскерде көп заттың қадірін түсінесің. Ең бірінші, ата-ананың қадірін білесің. Мінезің де өзгеріп, салмақты бола түсесің».

Келер жылы мамыр айында әскери борышын аяқтайтын сарбаз алдағы жоспарын да айтты. Ол заңгер мамандығын оқып, сол салада еліне қызмет етпек ойы бар.

Новости партнеров