Украинадағы отандастарымыз алғашқы рейспен елге жеткізіледі

kakprosto.ru
kakprosto.ru
Әзірге 100-ге жуық отандасымыздың шекарадан өту үшін кезекте тұрғаны белгілі
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Бүгін таңғы сағат 9:53-те Украинадағы отандастарымызды елге жеткізу үшін алғашқы рейс Атыраудан Польшаға ұшты. Әуе кемесі кешкі 19:20-да Атырауға қонады. Бұл туралы еліміздің Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Азаматтық авиация комитеті мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бұған дейін Ішкі істер министрлігі Катовице қаласында 80 қазақстандықтың әуе кемесін күтіп тұрғанын хабарлаған еді. Алайда бүгін онда жеткен ұшақта 179 орын бар екен. Соңғы мәліметке сәйкес, бүгін таңертең Қазақстанның 241 азаматы Украина-Польша шекарасынан өтіпті. Тағы 44 адам мінген 2 автобус жолда кезекте тұр. Олар да бүгін шекарадан өтеді. Ел азаматтарымен бірге Киевтегі Қазақстан елшілігінің дипломаттары да жүр. Отандастарымызды Қазақстанның Польшадағы консулдығының өкілдері күтіп алған еді.

Қазір Украинадан Польшаға жеткен қазақстандықтар қонақүйге орналастырылған. Әзірге 100-ге жуық отандасымыздың шекарадан өту үшін кезекте тұрғаны белгілі. Кеше құзырлы мекеме Львов қаласынан автобуспен 46 қазақстандықтың шыққанын мәлімдеген еді. Ал Киевтегі елшілік тағы 60 адамды елге аттандыруға қамданып жатыр. Таңертең шекарада болған отандастарымызбен хабарласып, мән-жайды білген едік. Олардың айтуынша, онда жағдай бірқалыпты.

«Көп рахмет! Біз шекарадан аман-есен өттік. Мемлекетімізге, елшілікке алғыс білдіреміз! Осында жетуімізге көмектесті», - дейді қазақстандықтар.

«Біз 26 ақпан күні кешкі сағат 20.00-де №5 автобусқа отырып, Львов қаласынан шықтық. Бірнеше сағатта шекараға жеттік. Қазіргі уақытта шекарада бәрі тыныш. Біз қауіпсіз жердеміз. Әскерлер күзетіп жүр. Атыс болып жатқан жоқ. Ал автобус ішіндегі қазақстандықтар бір біріне қолдау білдіруде. Уақытылы тамақтанып жатырмыз», - деді Қазақстан азаматы Елена Петрова.

Новости партнеров