Қоғамдық көлікке арналған жолақпен жүруге рұқсат етілетін темір тұлпарлардың санаты көбейді
Қазақстанда 6 мамырдан бастап жүргізуші куәлігінен айыратын жол ережесі күшіне енеді. Елдімекендерде қозғалыс жылдамдығын сағатына 50 шақырымға дейін төмендету көзделіп отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
«Басып озуға болмайды» деген дәл осындай белгіні елемей, асығыстық танытып, алдындағы автомобильді басып озса, 6 айға жүргізуші куәлігінен айырылады. Бір жолақты елемегендерге айыппұл салынып келсе, енді жаза қатаңдатылды. Темір тұлпар тізгіндеу құқығынан жарты жылға шектеледі.
– Жол белгілері қаланың ішінде емес, сыртындағы жолда болады. Сонымен қатар жаңағыдай биікке көтерілетін жерлерде қойылады. Не үшін? Жүргізушілердің қауіпсіздігі үшін. Яғни, жоғарыға көтерілгенде қарама қарсы бағытта қандай машина шығатынын білмейсің, – деді ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Ақтоты Боранова.
Дүйсенбіден бастап елдімекендерде жүк көліктеріне, үлкен автобустарға жылдамдықты сағатына 50 шақырымнан асыруға тыйым салынады. Яғни, М3 санатына жататын автомобильдерге осындай өзгеріс енгізіледі. Қоғамдық көлікке арналған жолақпен жүруге рұқсат етілетін темір тұлпарлардың санаты көбейді.
– Қоғамдық көліктерге арналған жолақпен 6 мамырдан бастап барлық автобусқа жүруге рұқсат етіледі. Жүргізушіден бөлек 8 орындықтан көп автобустарға қоғамдық көлікке арналған жолақтармен қолдануына рұқсат етіледі, – деді ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Ақтоты Боранова.
Қалада диагональді жүргінші жолақтары да көбейтілмек. Себебі бұған дейін Астанаға орнатылған пилоттық жоба оң нәтиже берген. Мұндай шешім жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етпек.
Айтпақшы, Ақтоты Боранова сары түске өткені үшін салынып жатқан айыппұл туралы да түсіндіріп өтті. Полицейдің сөзінше, бұл ешқандай жаңалық емес. Сары түске өткен үшін айыппұл бұрыннан қарастырылған. Осы жолы бұл процесс автоматтандырылды. Яғни, бұрын жол потрульдік полициясы тоқтатып, айыппұл салса, қазір ол жұмысты сергек орындап жүр.
Өмір Серікбекұлы, Данияр Омар, Нұрлан Өтегенов, Дастан Темірбекұлы, «Алматы» телеарнасы, Астана
Оқи отырыңыз: Отандық өндіріс: депутаттар қазынадағы қаржыны тиімді жұмсауды талап етті