2020 жылы Қазақстанда 400 мыңнан астам бала дүниеге келді. Осы орайда демография саласындағы сарапшы пандемияға қарамастан Қазақстанда бала туу көрсеткішіндегі дүмпуге қатысты ойымен бөлісті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2020 жылғы қаңтар-желтоқсандағы алдын ала деректер бойынша, елімізде 425,6 мың нәресте дүниеге келді. Бұл 2019 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 22,6 мың адамға немесе 5,6 пайызға және 1987 жылмен салыстырғанда 8,5 мың адамға немесе 2 пайызға (туғандар саны бойынша алдыңғы рекорд 417,1 мың адам болған) көп.
«Өсім дүниеге келетін сәбилердің күтілген санынан жоғары болды. Толықтай алғанда, демографиялық болжамға сәйкес, туу санының төмендеуі күтілген еді. Жалпы, отбасыдағы үшінші, төртінші, бесінші балалардың саны артып келеді. Босанатын қыз-келіншектердің негізгі жас тобы – 30-40 жастың аралығы. Бұл 80-ші жылдардың буыны өздерінің репродуктивтілік кезеңін пайдалануына байланысты», – деді «Болашақ» бағдарламасының түлегі, демография магистрі Аяулым Сағынбаева.
2020 жылдың 12 айында қалалық жерлерде туғандар саны – 248,7 мың адам немесе 58,4 пайыз, ауылдық жерлерде 176,9 мың адам немесе 41,6 пайыз болды. Дүниеге келген сәбилердің жартысынан көбі еліміздің 6 облысында, атап айтқанда, Түркістан (14,4%), Алматы облыстарында (12,7%), Алматы (8,3%), Шымкент (7,4%), Нұр-Сұлтан (7%) қалаларында және Жамбыл облысында (6,9%) тіркелген.
«Бала туу өсімінің қарқыны көпбалалы отбасыларда байқалады. Бала туу көрсеткіші бойынша 1987 жылғы рекорд жаңартылды. Ол кезде 417 мың сәби дүние есігін ашқан болатын», – деді спикер.
Оның атап өтуінше, әрбір 35 жыл сайын Қазақстанда baby-boom байқалады.
«Бізде әрбір 35 жылдан кейін baby-boom байқалады десек те болады. Жиынтық коэффициентін айтар болсақ, 2018-2019 жылдары бір әйелге/отбасыға 2,9 туудан келеді. Ал 2020 жылдың коэффициенті әлі есептелген жоқ. Мұндай процесс потскеңестік елдердің барлығында байқалады», – деді Аяулым Сағынбаева.
Статистика сәйкес, 1 000 адамға шаққандағы туу санын көрсететін туудың жалпы коэффициенті 2020 жылғы қаңтар-желтоқсанда 1000 адамға 22,40 туғанды құрап отыр. Бір әйелдің бүкіл репродуктивті кезеңінде туатын балалар санын көрсететін туудың жиынтық коэффициенті 2020 жылдың 12 айындағы алдын ала деректерге сәйкес, бір әйелге 3,12 баланы құрады.
Спикер таяу жылдардағы халық санының өсіміне қатысты да болжамымен бөлісті.
«Егер бұрынырақ туудың негізгі өсімі ауылда тіркелсе, қазір жағдай біртіндеп теңесіп келе жатыр. Бұл – табиғи процесс. Ауылдан қалаға ішкі көші-қон толқыны осындай бала туу көрсеткішінің артуына әкеледі. Таяу жылдары негізі неке мен бала саналатын дәстүрлі форматта тәлім-тәрбие алған 80-ші жылдарғы әйелдер буынының ауысуын ескере отырып туу көрсеткішінің төмендеуін күтеміз», – деді ол.