Алматыда аудан әкімдері әйелдерді мерекесімен құттықтады

07.03.2019 19:52

Нәзік жандыларға «Ана – тіршіліктің тірегі» атты концерттік бағдарлама дайындалып, сый-құрмет көрсетілді

Алматы қаласы Медеу ауданының әкімдігі әйелдер қауымын келе жатқан мерекесімен құттықтады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Нәзік жандыларға «Ана – тіршіліктің тірегі» атты концерттік бағдарлама дайындалып, сый-құрмет көрсетілді. Мерекелік шараға аудандағы көп балалы аналар, ұстаздар, мәдениет қайраткерлері сынды түрлі салада қызмет ететін 700-ге жуық тұрғын шақырылған. Концерт соңында «Күміс алқа» табысталды.  

«Әйел, Ана, жар, әкпе-қарындас – өмірдің сәні ғой. Сондықтан бұл әлемге ортақ ерекше мереке. Сондықтан мерекеміз құтты болсын!», – деп жылы лебізін білдірді ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Жайнакен БИБАТЫРОВА. 

Алмалы ауданының әкімдігі де мыңға жуық арудың басын қосып, ертеңгі төл мерекелерімен құттықтады. Шарада «Жыл әйелі» конкурсының жеңімпаздары марапатталды. Байқауға Алмалы ауданындағы 200-ден астам ана қатысуға ниет білдірген. Марапатқа ие болғандар бүгінгі концерттен алған әсерлерімен бөлісті.

«Бүгінгі жетістігім менің бұдан да жоғары деп санаймын. Бала тәрбиесімен айналысу – өмірде үлкен жетістік, ең мықты мамандық десем де болады», – деді «Әйел-ана» номинациясының жеңімпазы Гүлнар ТАЛЕНОВА.