Заңдастырылмаған көліктер айып тұрағына қойылды - жалған ақпарат

19.01.2024 23:59

Бұл туралы Алматы қалалық Полиция департаментінің ресми өкілі мәлімдеді

Фото: elements.envato.com

«Заңдастырылмаған көліктерді айып тұрағына тоғытып жатыр» деген ақпар - жалған. Қазақстандық есепке алынбаған темір тұлпарларға арнайы рейд көзделмеген. Бұл туралы Алматы қалалық Полиция департаментінің ресми өкілі мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Ел ішінде «заңдастырылмаған көліктер айып тұрағына қойылды» деген әңгіме шыққан соң, анығын білу мақсатында арнайы тұраққа келдік. Аумақты түгел аралап шықтық. Мұнда шетелдік нөмір таққан көліктердің бары рас. Отызға жуық көлік не жол апатына түскен, не мұнда біраздан бері тұр. Күзетшілердің сөзінше, олардың бірде-бірі қазақстандық есепке алынбағаны үшін қойылмаған. Және көбі қаңтарға дейін әкелінген екен.

– Төленбеген айыппұлы бар көліктерді қазақстандық не шетедік деп бөліп-жармаймыз. Заң бойынша 2,5 млн, 1 млн теңгеден астам мөлшерде айыппұлға ілінген барлық көлік айып тұрағына қойылуы тиіс, – деді  Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

«Шетелдік есепте тұрған көліктер тұраққа қойылды» деген сыбысты құзырлы органдағылар жоққа шығарды. Полиция департаментінің өкілі Салтанат Әзірбек оған қатысты рейд те көзделмегенін мәлімдеді.

– Ешқандай рейдтік шаралар ұйымдастырылып жатқан жоқ. Азаматтарға заңда көзделген нормалар бойынша басқа балама жолмен заңдастыруға уақыт беріледі. «Қандай да бір рейдтік шаралар ұйымдастырып, көліктерді айып тұраққа қойды» деген ақпарат шындыққа жанаспайды, – деді Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Былтыр қаңтарда Ішкі істер вице-министрі Игорь Лепеха Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Заңдастыру аяқталғанша рейд жүргізбейміз. Бірақ заңдастыру аяқтала салысымен «заңды жүргізуші» рейдін бастаймыз» деген еді.

Айта кетейік, елге 2022 жылдың 1-қыркүйегіне дейін кірген көліктерге ғана арналған легализация науқаны 2023 жылдың 31 желтоқсанында аяқталған.

Оразай Нұртайұлы, Рашиддин Якупов, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Заңдастырылмаған шетелдік автокөліктерді тіркеуге бола ма