Отырыста бірінші тоқсанның жұмыс нәтижелері, суицидтің, ерте жүктіліктің, құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың, кәмелетке толмағандар арасындағы нашақорлықтың алдын алу және ескерту бойынша қабылданып жатқан шаралар, сондай-ақ балаларды жұмыспен қамту, әсіресе пандемияны ескере отырып, балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру мәселелері қаралды
Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаровтың төрағалығымен Алматы қаласы әкімдігінің жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысы онлайн-форматта өтті. Отырысқа қалалық прокуратурасының, Полиция департаментінің қызметкерлері, сондай-ақ аудандық білім бөлімдерінің басшылары қатысты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Отырыста бірінші тоқсанның жұмыс нәтижелері, суицидтің, ерте жүктіліктің, құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың, кәмелетке толмағандар арасындағы нашақорлықтың алдын алу және ескерту бойынша қабылданып жатқан шаралар, сондай-ақ балаларды жұмыспен қамту, әсіресе пандемияны ескере отырып, балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру мәселелері қаралды.
Білім басқармасының кәмелетке толмағандардың суицидтік мінез-құлқының және ерте жүктілігінің алдын алу және ескерту бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы баяндамасы тыңдалды. Суицидтік мінез-құлықтың алдын алу мақсатында «тәуекел тобына» кіретін кәмелетке толмағандармен жұмыс жүргізіледі, олармен психологиялық-түзету жұмыстарының жеке жоспарларына сәйкес жұмыс жүргізіледі. Мектеп психологтары үшін біліктілігін арттыру курстары ұйымдастырылады. 2020 жылы мұндай курстарды 153 психолог оқыды. Биыл мамыр айынан бастап тұлғаны дамытудың республикалық орталығы базасында 365 психологтың барлығы кезең-кезеңмен оқитын болады. Сонымен қатар, тестілік тапсырмалар жаңарады. Осыған сәйкес суицидтік әлеуеті жоғары тұлғалардың тәртібі белгіленіп, алдын алу шаралары түзетіледі. Өз кезегінде Алматы қ. прокуратура өкілдері «тәуекел тобындағы» балаларды талдау және іріктеу жүйесін жетілдіру, сондай-ақ ықтимал суицидтік мінез-құлық тәуекелі анықталатын, алдын алу шаралары түзетілетін тест тапсырмаларының базасын жаңарту бойынша ұсыныстар айтты.
Алматының Қоғамдық денсаулық басқармасының жәрдем станциясынан келіп түскен шұғыл мәліметтерді талдау, суидцидқа бейім жандарға мониторинг жүргізеді. Дағдарыс жағдайлары орын алғанда Алматы қаласының бірыңғай Сall-орталығымен біріктірілген 376-56-60, 116-16 нөмірлері бойынша сенім телефоны жұмыс істейді. Осы жылдың бірінші тоқсанында сенім телефонына Алматы қаласының тұрғындарынан 1034 қоңырау келіп түсті. Нақты уақыт режимінде психологтардың, психотерапевтердің кеңестері өткізіледі. Сонымен қатар, 150 нөмірі бойынша балалар мен жастарға арналған ұлттық сенім телефоны жұмыс істейді.
Жасөспірімдер арасындағы жүктіліктің алдын алу мақсатында «Кәсіби психологиялық лига» ҚБ-мен бірге жоғары сынып оқушылары үшін семинар-тренингтер өткізіледі. Адам репродукциясы қалалық орталығында жастар денсаулық орталықтары жұмыс жасайды. Мұндағы мамандар жастардың денсаулығын сақтау мәселелері бойынша жұмыс істейді. Түсіндіру жұмыстары аясында суидцидтің алдын алу бойынша 16 дәріс оқылды. Ол 1678 адамды қамтыды, олардың ішінде кәмелеттік жасқа толмағандармен жұмыс істейтін психологтар, полиция қызметкерлері, кәмелетке толмағандармен тығыз қарым-қатынас жасайтын мектеп және колледж қызметкерлері бар.
Алматының ювеналды полициясы 2021 жылдың 1 тоқсанының қорытындысы бойынша кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша мәліметтер ұсынды. Қабылданған шаралардың нәтижесінде Алматы қаласында жасөспірімдер қылмысы 36%-ға, оның ішінде ауыр қылмыс түрлері 16,6%-ға төмендеді. Бұл ретте қылмыстың 52,6%-ын сырттан келген жасөспірімдер жасаған. Кәмелетке толмағандарға қатысты жасалған қылмыстар саны 24,3%-ға азайды.
Анықтама: кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде және заңды өкілдерінің алып жүруінсіз тұрғын үй-жайлардан тыс жерлерде болғаны үшін 1607 ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сағат 22.00-ден кейін кәмелетке толмағандарды заңды өкілдерінің алып жүруінсіз ойын-сауық мекемелеріне кіргізгені үшін ӘҚБтК-нің 132-бабы бойынша ойын-сауық мекемелерінің 42 лауазымды адамы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Кәмелетке толмағандарға темекі сатқаны үшін ӘҚБтК 423-бабы бойынша 21, алкоголь өнімдерін сатқаны үшін ӘҚБтК-нің 200-бабы бойынша 31 жеке кәсіпкер әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Балаларды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді тиісінше орындамағаны үшін 15 ата-анаға ата-ана құқықтарынан айыру түрінде соңғы шара қолданылды, 115 ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Кәмелетке толмағандар арасында нашақорлықтың алдын алу бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. 681 граффити жазуы жойылды, «Есіртке қарсымыз!» деген логотипі бар көп рет тағуға болатын 1550 бетперде, «Есірткіге жол жоқ!» атты 700 буклет таратылды.
Кәмелетке толмағандарды жұмыспен қамтудың белсенді түрлерімен қамту үшін жыл сайын балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру жүргізіледі. Өткен жылы пандемияны ескере отырып, қосымша білім беру мекемелері мен Алматы мектептерінде онлайн-форматта шығармашылық, спорттық және көшбасшылық бағдарламалар өткізілді. Барлығы 312 балалар онлайн-лагері жұмыс істеді және 145 мыңға жуық оқушы (57,3%) қамтылды. Сондай-ақ, «Онлайн демалыс» арнайы аккаунттары, әлеуметтік желілерде парақшалар және ардагерлермен, спортшылармен, атақты адамдармен және әртістермен мотивациялық онлайн-кездесулер ұйымдастырылды. Барлығы жазғы кезеңде 198 мыңнан астам оқушы түрлі іс-шаралармен қамтылды.
Алматы қаласы әкімінің орынбасары, комиссия төрағасы Ержан Бабақұмаров кәмелетке толмағандардың өмірі мен құқықтарын қорғау жөніндегі жұмыстағы өзекті мәселелерді атап өтіп, жетекшілік ететін басқармалар тарапынан жұмысты күшейтуді тапсырды. Атап айтқанда, суицид жағдайларын мұқият зерттеу және талдау жүргізіп, алдын алу жұмысының неғұрлым тиімді жүйесін құру үшін "тәуекел тобына" кіретін адамдармен жеке қарым-қатынас орнатуды қамтамасыз ету тапсырылды.
Комиссия жанынан кәмелетке толмағандардың құқығын қолдау және оларға дер кезінде мән беретін жедел штаб құрылады. Оның құрамына қалалық құрылымдардың басшылары, аудан әкімдерінің орынбасарлары, құқық органдарының және ҮЕҰ өкілдері енеді.
Аудандық білім бөлімдеріне және білім беру мекемелерінің басшылығына онлайн оқудағы оқушыларды бақылау тәсілін қайта қарау тапсырылды.
Кәмелетке толмағандардың суицидінің орын алған фактілері бойынша бұдан былай қаланың білім беру мекемелерінің барлық эшелондарында бірінші басшылардың жеке жауапкершілігі қарастырылатын болады.
Кәмелетке толмағандар арасындағы нашақорлықтың алдын алу және оған қарсы күрес, сондай-ақ кәмелетке толмағандардың жыныстық қол сұғылмаушылығына қарсы қылмыстарға жол бермеу жөніндегі жұмысқа үкіметтік емес ұйымдар белсенді тартылып, ақпараттық-ағартушылық жұмыс күшейтілетін болады.