2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап билетсіз жүрген жолаушыларға 7 864 теңге айыппұл салынады
Алматыда қоғамдық көлікте жол ақысын төлемейтіндерді анықтауға бағытталған кезекті рейд өтті. Ресми мәліметтерге сүйенсек, былтыр осындай 520 құқық бұзушылық тіркелген екен. Ал биыл 55 жолаушыға айыппұл салынды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Таңғы қарбалас. Автобустар лық толы. Көлік кептелісі күшейген. Ал кейбір жолаушылар үшін дәл осы сәт – жолақы төлемей кетудің оңтайлы уақыты. Бірақ бұл жолы бәрі оңай болмайды. Себебі "АлматыЭлектрТранс" компаниясының бақылаушы-контролерлері мен полиция департаменті мамандары рейд ұйымдастыруда. Рейд жүргізу аумағы ретінде жолаушылар ағыны ең көп жүретін Сайран автовокзалының маңы таңдалған.
Әсет Сағидоллаев – «АлматыЭлектроТранс» компаниясының бақылаушы қызметкері. Ол күн сайын қоғамдық көліктегі жолаушылардың жолақысын тексеріп, тәртіптің сақталуын қадағалайды. Ол бұл салада 3 жылдан астам уақыт жұмыс істейді. Жұмыс күнінің көп бөлігін қаладағы автобустар мен троллейбустарда өткізеді. Мәселен рейд барысында әріптестерімен бірге бірнеше қоғамдық көлікке мініп, 15 жолаушының жолақы төлемегенін анықтады.
"Алматы үлкен мегополис болғандықтан билетсіз жолаушылар көп кездеседі. Кейде адамгершілік тұрғысынан түсіністікпен қараймыз. Ал балағат сөз айтып, заңға бағынбаған адамдарға міндетті түрде «102» номеріне хабарласып, полиция шақырып, 622-баптың 2-тармағы бойынша 2 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл жазып береміз", – деді «АлматыЭлектроТранс» компаниясының бақылаушысы Әсет Сағидоллаев.
Тәртіпті реттейтін іс-шараға Әсеттен бөлек, «АлматыЭлектроТранс» компаниясынан 10 бақылаушы мен 4 бас маман қатысты. Олар 63 бағыттағы қоғамдық көліктердің жұмысын тексерді. Қазіргі таңда бұл мекемеде 280 адам еңбек етеді, оның 120-сы қоғамдық көліктердің ережеге сай жүруін бақылауға жауапты. Мамандар күнде 12 сағат бойы жолаушылар тасымалының сапасын тексеріп, тәртіптің сақталуын қадағалайды.
"Негізгі мақсат – жолаушыларға барынша жол ақысын төлетіп және қолма-қол төлемді алып тастағаннан кейін, оның жоқ екенін ескерту. Үлкен кісілер, жүкті әйелдер, бірінші, екінші топтағы мүгедектер, кәмілет жасқа толмаған балалар бар, бәріне түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, қолдан келгенше жол ақасын төлетеміз", – деді «АлматыЭлектроТранс» ЖШС бақылау-тексеру қызметінің бастығы Нұрлан Молдабеков.
Әуезов ауданының полиция қызметкерлері де рейдтен қалыс қалмады. Олар «Қауіпсіз жол» акциясы аясында қоғамдық көлік пен такси жүргізушілерінің бірнеше заңбұзушылығын анықтады. Тәртіп сақшылары жүргіншілердің белгіленбеген жерден жолды кесіп өтуі, көліктердің рұқсат етілмеген орынға қойыуы сынды ереже бұзғандарды тіркеді.
"2025 жыл құқық тәртібін күзететін жыл деп жарияланған. Осыған байланысты әр аудан бөлімшелері профилактикалық іс-шаралар өткізуде. 5 құқықбұзушылықтың алдын алып, қоғамдық көлік пен такси жүргізушілеріне түсіндірме жұмысын өткіздік. Бұл іс-шара ай соңына дейін жалғасады", – деді Әуезов АПБ әкімшілік полиция бөлімінің инспекторы Еркін Қапаров.
Жол ақысын төлемейтін жолаушыларды анықтауға бағытталған рейд әр апта сайын ұйымдастырылады.
Айта кетейік, 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап билетсіз жүрген жолаушыларға салынатын айыппұл 7 864 теңгені құрайды, ал оларды билетсіз тасымалдаған жүргізушілер 19 660 теңге төлеуге мәжбүр. Бұл – жай ғана ескерту емес, жауапкершіліктің нақты белгісі.
Мәди Мәлік. Әлішер Ерғалиұлы
Оқи отырыңыз: Эко-хаб: Алматыда мобильді эко-трек құру жоспарланып отыр