ДДСҰ-ның мәліметі бойынша, Қазақстан суицид жасаудан, оның ішінде 15-17 жас аралығындағы топта көшбасшы елдердің ондығына кіреді
Сенат депутаты Рысқали Әбдікеров балаларды қорғауға қатысты мәселені көтеріп, Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжановқа депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі baq.kz сайтына сілтеме жасап.
Сенатор атап өткендей, бүгінде елімізде балалар мен жасөспірімдердің әлеуметтік, рухани, физиологиялық болмыстық дамуына тұрақты көңіл бөлінгенімен, кейінгі жылдары олардың арасында өз-өзіне қол жұмсап, суицидке бару оқиғаларының көбейіп келе жатқаны қоғамды толғандырады. ДДСҰ-ның мәліметі бойынша, Қазақстан суицид жасаудан, оның ішінде 15-17 жас аралығындағы топта көшбасшы елдердің ондығына кіреді. ІІМ дерегіне сәйкес, 2020 жылы жасөспірімдер арасында 143 суицид оқиғасы тіркелса, ал 2021 жылы 173 суицид оқиғасы тіркелген.
"Ғалымдар мен сарапшылардың соңғы зерттеу қорытындыларына қарағанда жасөспірімдердің 17 пайызы мектепте айына бір немесе бірнеше рет қысымға ұшырайды екен. Үйден тыс жерде зәбір көріп, оны ата-анасынан, мұғалімінен жасырып, өз проблемасымен жеке қалған бала ауыр психологиялық дағдарысқа ұшырап, стрестік жағдайды бастан кешеді және оның соңы орны толмас жағдайларға соқтырып жүр. Суицидиалдық мінез-құлықтың этиологиясында жалпы пайдаланудағы телекоммуникациялық-ақпараттық жүйелерде өзіне-өзі қол жұмсауды насихаттап, балаларды суицидке итермелеу ақпараттарының тию көрмей орналасуының барған сайын негізгі роль ойнап отырғаны алаңдатады", - деді депутат.
Рысқали Әбдікеров Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылды Қазақстанда балалар жылы деп жариялағанын атап өтті. Өз кезегінде әңгіме мерекелік іс-шаралар ұйымдастыруда емес, ең алдымен, денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы уәкілетті органдардың баланы қорғауға бағытталған нақты шаралары туралы болуы тиіс.
Депутат қазір мектептерде психологтардың нәтижелі жұмыс істеуіне жағдай жасау, балалардың мазасыздану деңгейін, суицидке бейімділігінің алғашқы белгілерін анықтауға және дер кезінде шаралар қабылдауға бағытталған балалармен жұмыстың нақты бағдарламасын қалыптастыру маңызды деп есептейді.
"Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгеру енгізіп, білім беру ұйымының басшысы білім беру процесіне қатысушыға байланысты буллинг, кибербуллинг жағдайлары туралы уәкілетті органдарға хабарламағаны үшін жауапкершілік енгізу қажет. Мектептерде оқушылардың өзара жанжалдасуы мен текетіресінің, басқа да құқық бұзушылықтың алдын алу үшін әлеуметтік оңалту мен татуластыру қызметтерін құру маңызды", - деді депутат.