Елордада көпқабатты тұрғын үй тұрғындары батпақ жолдың азабын тартып келеді

22.09.2021 20:03

Жауын-шашын күндері тұрғындар резіңке етік киіп жүруге мәжбүр

Нұр-Сұлтан қаласының Тәуелсіздік көшесіндегі көпқабатты үйдің тұрғындары көптен бері шағымдарын елемеген әкімдікке қапалы. Айтуларынша, жол деген атымен жоқ. Аулаға кіріп-шығу үшін қараусыз қалған гараждар мен құрылыс алаңдарынан өту керек. Ал бұл әсіресе жауын-шашынды, аязды күндері балалар түгілі, ересектердің де жүріп-тұруына оңай емес. Елордамыздың орталығында осындай түйткіл бар дегенге сену қиын, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.  

59 пәтері бар тұрғын үй 2019 жылы қолданысқа берілген. Пәтер иелерінің айтуынша, көшеде жол жоқ. Осыған дейін тиісті орындарға арызданған соң ғана уақытша жол төсеп берген. Алайда үйдің жанында құрылыс жұмыстары жүріп жатқандықтан жақында бұл жол да жабылатын көрінеді.

«Барлық жердің бәрі қазылып тасталған. Жаяу адам жүре алмайды. Көлікпен жүру мүмкін емес. Жолдың қандай екенін көріп тұрсыз ғой. Бұл шұңқырлар өте қауіпті, аңдаусызда түсіп кетуің әбден мүмкін. Тіпті, өзіміз көлікпен жүргенде де қорқып отырамын. Өтіп бара жатқаныңды жаяу жүргендер естімейді, көрмейді», - дейді қала тұрғыны Айгүл Қасымбекова.

Қаланың қақ ортасында тұрған жолдың сиқы осындай. Бұл жерден адам түгілі, көліктің де жүруі мұң болған. Тұрғындардың сөзінше, такси де, тіпті жедел-жәрдемнің келуі де қиын. Жауын-шашын күндері тұрғындар резіңке етік немесе целлофан киіп жүруге мәжбүр. Ал балалардың бұл жолмен сабаққа баруы тіпті қиямет-қайым.

Тұрғындардың сөзінше, оларға тиесілі жерді жанындағы «Пионер» тұрғын үй кешені заңсыз иемденіп алған. Соның салдарынан халық жолсыз қалып отыр. Ал әкімдік пен жерді заңсыз иеленген құрылыс компаниясы арасында сот ісі жүріп жатқан көрінеді.

«Осы жылдың жаз айында тұрғындар жиналып, жауапты мамандарды шақырдық. Олар келді, жағдайымызды көрді. Сосын 15 тамыз күні мәселені шешеміз деген. Бірақ одан бері ешкім келмеді, мәселе шешілмеді. Біз барлық құзырлы органдарға шағымданып бардық. Әлі нәтиже жоқ», - деді қала тұрғыны Айгүл Өмірзақ.

Ал жауапты мамандар жолды «Пионер» тұрғын үйі заңсыз иемденіп алғанын жоққа шығармады. Сонымен қатар, бір емес, екі бірдей сот ісі жүріп жатқанын айғақтады.

«Пионер» тұрғын үй кешенінің жолы бойынша екі сот болып жатыр. Бірінші сот жаңағы жолдың астында сегіз гараж бар еді. Ол сегіз гаражды мемлекеттің тарапына қайтару туралы ол бірінші сот болып отыр. Қазір апелляциялық станцияда 24 қыркүйек күні сағат 11:30-да қаралатын болады. Содан кейін екінші сот ол жаңағы сол гараждардың сыртында тұрған бетон қоршауды сүру бойынша тағы да сот болып жатыр. Ол 28 қыркүйекте қаралатын болады», - деді Нұр-Сұлтан қаласының Орта сапасы және бақылау басқармасы басшысының орынбасары Айдын Молдағалиев.

Әкімдіктегілер соттың шешімі шыққаннан кейін жолдың мәселесі шешітіледі деп уәде етеді. Ал әзірге тұрғындардың уақытша жолмен жүруден басқа амалы жоқ.

Қаламқас Нысанбай, «Алматы» телеарнасы