Наурыз көже жасауға алматылықтар қанша қаражат жұмсайды

20.03.2022 20:03

Наурыз көже - Ұлыстың ұлы күні жасалатын қасиетті ас

inform.kz

Ұлыстың ұлы күні қарсаңында әр отбасы Наурыз мерекесінің басты тағамы – Наурыз көже дайындайды. Наурыз көжені Қазақстанның әр өңірі өзіндік әдіспен пісіреді, деп хабарлайды Almaty.tv  тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Наурыз көже - Ұлыстың ұлы күні жасалатын қасиетті ас. Оған тары, арпа, бидай, бұршақ, күріш сияқты жеті түрлі дән мен ақ қосылады. Түркі халықтарының ұғымында жеті саны қасиетті саналғандықтан, Наурыз көжеге жеті түрлі дәм қосылады. Оған қоса, ол - тоқшылық пен ырыс құттың жоралғысы.

Наурыз көже келер жылғы молшылықтың жаршысы ретінде наурыз тойында әрбір шаңырақта міндетті түрде әзірленген. Соғымнан арнайы сақталған мүшелер (қазы, қарта, шұжық, тағы басқалары) де қосылады.

Қазақстанның әр өңірінде Наурыз көже әртүрлі әдіспен дайындалады. Әрбір әйелдің өзінің дәстүрлі рецепті бар, ол ұрпақтан ұрпаққа беріліп, жалғасын тауып келеді.

Биыл мейрам қарсаңында алматылықтар аталған ұлттық тағамды дайындауға орташа есеппен қанша ақша жұмсайтынын, сондай-ақ көжеге қосылатын дәмдердің бағасына шолу жасап көрдік.

Алматылық Ұлдана Байбатырованың «Көк базарда» жеке сөресі бар. Ол Наурыз көжеге қосылатын дәнді- дақыл сатады.

Оның айтуынша, тұтынушылардың саны наурыз айының басынан бастап артады. Алматылықтар Наурыз мейрамына ертерек қамданады.

«Жыл сайын наурыздың 10-20 аралығында бізде сатып алушылар ағыны көп болады. Бағаларға келетін болсақ, иә, олар бір орында тұрмайды. Мәселен, биылғы көктемде кейбір жармалардың қымбаттап кеткенін байқап отырмыз. Азаматтар әлі де қарапайым дүкендерден емес, базардан сатып алуға тырысады, өйткені ингредиенттердің таңдауы көп, бағасы да тиімді», - дейді сатушы.

Алматылық бір отбасы Наурыз көжеге шамамен 15 мың теңге жұмсайды. Қалада сүрленген ет, қазы бағасы 4000 теңгеден жоғары. Тарының келісі 1300-1500 теңге; бидай мен арпа келісі - 1000 теңге; қатық - 1000-1500 теңге; құрт-3500 теңге.

Сондай-ақ алматылықтардың көбі Наурыз көжеге бұршақ (фасоль ) қосады. Оның бағасы 1000-ден жоғары. Айран мен сүттің литрі 500 теңгеден жоғары.