Қазақстанда электронды құжаттарға қол қоюдың жаңа тәсілі енгізіледі

01.12.2022 20:04

Бағдат Мусиннің айтуынша, электронды-цифрлық қолтаңбаны енді QR алмастыруы мүмкін

9111.ru

Қазақстанда электронды құжаттарға қол қоюдың жаңа тәсілі енгізіледі. Бұл туралы Сенат отырысында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.

Бағдат Мусиннің айтуынша, электронды-цифрлық қолтаңбаны енді QR алмастыруы мүмкін. Салаға жауапты министрлік бастаманың азаматтарға қауіпсіз әрі қолжетімді болуы үшін тиімді тетіктерді қарастырып жатыр.

Жаңа механизм кез келген азаматқа қолжетімді. Министрдің айтуынша, электронды үкіметті ашып, QR қолтаңбасы арқылы сканерлеп, қол қоюға болады. Бұрынғыдай жеке электронды кілтті сақтаудың, флэш-дискке, компьютерге жазып алудың қажеті жоқ. Тиімді деп ұсынылып отырған бастамада жылдам және оңай қол жеткізу мүмкіндігі қарастырылады.

«ЭЦП алынып тасталмайды. QR қолтаңбасы арқылы қол қою деген бізде жаңа технология енгізіледі. Бұл жаңа технология азаматтарға көбінесе жаңа мүмкіндік береді. Онлайн технологиясы. Бірақ ол басқа ЭЦП технологияларды қатар қолданады», – деді ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Әсет Тұрысов.

Жаңа технологияның нақты қашан іске қосылатыны әзірге белгісіз. Министрлік механизмді келер жылдан бастап алдымен сынама түрінде мемлекеттік органдарда қолданылады. Цифрландыру үрдісінің тағы бір тәсілі денсаулық сақтау саласында қолданылмақ. Келер жылдан бастап емханаға тіркелу процесі толық автоматтандырылады.

«Өтініштер қағаз түрінде қаралмайды. Жүйенің өзі бәрін тексереді әрі тіркейді. Мекенжайын ауыстырған жағдайда азаматтарға жаңа тұрғылықты жері бойынша емхана ұсынылады. Біз бұл қызметті жетілдіріп, халықтың қызмет көрсету орталығына бармай-ақ, қажеттінің бәрін электронды түрде алуына жағдай жасап жатырмыз», – деді ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин.

Министр онлайн қызметті оңтайландыруға күш салып жатырмыз деп қуантқанымен, интернет жағдайы көңіл көншітпейді. Соңғы 9 ай ішінде елімізде байланыс операторларына 700-ге жуық тексеріс жүргізіліпті. Нәтижесінде сапасы сын көтермеген қызмет үшін 180 млн теңгеге айыппұл салынған. Минитр жағдай қайталанса, айыппұл мөлшері 10 есеге өсетінін айтты.

Кәмшат Мұхамеджан, Ринат Өтеев, Данияр Омар, «Алматы» телеарнасы