Қала жұрты ауыз суға және кәріз жұйесіне қатысты барлық сұрақтарға жауап тала алады
Ақпараттық ашықтық принципіне сүйене отырып, «Алматы су» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны ауыз су мен кәріз қызметіне қатысты сұрақтарды шешу мақсатында халықпен тікелей кері байланыс құруды ұйымдастырып отыр. Осы уақытқа дейін шешілмей келген мәселелерін әр тұтынушы мекеме басшысымен кездесіп, айта алады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
«Тұтынушыларда ауыз суға, кәріз қызметіне қатысты сұрақтар болатын болса, мәселелер туындаған болса, тікелей осы жерде бірден мәселені шешіп алуға мүмкіндік туады. Көбінесе қазіргі кезде туындайтын мәселелердің бірі ол - есептеуіш құралдарына байланысты және де аудандар бар, сол жердегі құбыр жүргізу мәселелері, сондай сұрақтар бізге көптен түсіп жатады», – деді «Алматы Су» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорынының қоғаммен байланыс жөніндегі маманы Ақбота ЖҮНІСОВА.
Қабылдау бүгін басталып кетті. Қала жұрты ауыз суға және кәріз жұйесіне қатысты барлық сұрақтары мен мәселелерін тікелей айта алады. Сонымен қатар, тұтынушылар мен заңды тұлғаларды қабылдау басқа аудандарда орналасқан мекеменің қабылдау бөлімшелерінде де жүргізіледі. Егер тұтынушы белгілі бір себептермен қабылдауға келе алмайтын болса, кәсіпорынға қашықтықтан телефон шалу арқылы кеңес алуға болады. Мекеме халықпен кері байланыс орнату үшін әлеуметтік желіде де жеке парақшаларын ашып, мобильдік қосымша ретінде «тұтынушының жеке кабинеті» атты салалық қосымшасын дамытуда. Бұл әлеуметтік желідегі қосымша жылдың соңына дейін өңделіп, жұмыс істейтін болады.