Елімізде утиль алымдарын қайта қабылдау басталды

02.02.2022 20:38

Енді Индустрия министрлігі өз есептеулері мен коэффициенттерін ұсынуы керек

Almaty.tv

Елімізде утиль алымдарын қабылдау қайта басталды. Ол туралы Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Оның сөзінше, автокөлік және ауыл шаруашылығы техникасы бойынша утиль алымына жаңа ставкаларды бекіту жұмыстары пысықталып жатыр. Енді Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі министрлігі осы ставкалар бойынша өз есептеулері мен коэффициенттерін ұсынуы керек.  

«Бүгінде утиль төлемдер қабылданып жатыр. Министрлікте заңгерлік блок, цифрлық технология департаменті, бюджеттік жоспарлау өкілдерінен құралған комиссия құрылды. «Олар «ӨКМ Операторы» ЖШС-ның қызметіне сәйкес қаражаттың кірістер мен шығыстарды қарап жатыр. Қазіргі кезде екінші деңгейлі банктер шоттарында 220 млрд теңге бар, бір бөлігі ұлттық валютада болса, қалған бөлігі доллармен. Тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр, жақын арада автомобиль және ауыл шаруашылығы техникасына утиль алым ставкасын бекітеміз», - деді ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев.

Бұдан бөлек, Парламент Елбасы туралы заңға енгізілген түзетуді қабылдады. Айта кетейік бұған дейін Сенат депутаттары Заңды Мәжіліске кері қайтарған еді.  

«Заң жобасын Парламент Сенатында қарау барысында тағы бір қосымша түзету енгізілді. Атап айтқанда, Сенат мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттары бойынша әзірленетін бастамалар ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасымен келісуді көздейтін «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы туралы» Конституциялық Заңның 1-бабы 6-бөлігін алып тастауды ұсынды. Қорыта келгенде, «Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Конституциялық заң жобасына Сенаты енгізген өзгеріспен келісуді сұраймын», - деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Арман Қожахметов.