Елімізде жаздан бері такси бағасы 10-15 пайызға қымбаттап кеткен
Қазақстанда такси қызметін ұсынатын компаниялар тексеріледі. Ол туралы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі мәлімдеді. Себебі халық тарапынан соңғы уақытта такси құны қымбаттап бара жатқанына шағым көбейген. Әсіресе ірі қалаларда күн райының өзгеруіне байланысты және көлік кептелісі кезінде жол ақысының күрт өсіп кететіні белгілі. Такси ақысы елімізде қалай белгіленетінін Almaty.tv тілшісі анықтап көрген еді.
Қыс – қыр артында. Елорданың сарышұнақ аязында тұрғындар жұмыстан кейін лық толы қоғамдық көлікке иін тіресіп мінуге тырысады. Орын болмаса, такси қызметіне жүгінуге тура келеді. Ал такси құны күніне мың құбылып, кешкі 18.00-дан кейін баға шарықтап кетеді дейді қала халқы.
Қазақстан такси қауымдастығының төрағасы Медет Құрманов елімізде осы жылдың жаз айынан бері такси бағасы 10-15 пайызға қымбаттағанын растап отыр. Оның айтуынша, мемлекет тарапынан бақылау жоқ. Сәйкесінше, шетелдік компаниялардың баға қою процесін ешкім қарамайды.
«Такси бағасы нарықта екі фактор бойынша өседі немесе төмендейді. Біріншіден, дәл қазіргі сұраныс пен көліктің санына байланысты. Одан кейінгісі – кептеліс. Соған қарай коэффицент қосылады. Жалпы, классикалық такси қызметтерін қарайтын болсақ, олар өздерінің аты мен қызметін көрсетпейді. Өйткені мындаған айти-технология бәсекелістігіне сай келмейді. Сондықтан бұл сырттан келген технология. Көп ақша тұрады. Маркетингке көп ақша жұмсалады», – деді Қазақстан такси қауымдастығының төрағасы Медет Құрманов.
Ал Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі Қазақстандағы такси қызметін ұсынатын компанияларды тексеруді бастады. Олар нарықта заң сақталмағаны анықталса, монополияға қарсы іс-шаралар қабылданатынын мәлімдеді.
«Біз нарық субьектілерінен жолаушылардың автомобильді тасымалдау қызметінінің ұялы қосымшасын пайдалану кезінде көрсетілетін қызмет көлемі және қолданыстағы туралы ақпарат сұраттық. Осы бағыт бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр», – деді Көлік және байланыс департаментінің бас сарапшысы Клара Шамишева.
Тұтынушылар бағасының дүниежүзілік дерекқоры мәліметтеріне сәйкес, Қазақстан бүгінде Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдеріндегі такси қызметтерінің ең жоғары тарифтері бойынша алғашқы үштікке кіреді. Бұл жолаушы тасымалымен айналысатын компаниялар қазынасын қампайтуды көздегенімен, қарапайым халықтың қалтасына салмақ түсіріп отырғаны сөзсіз.
Қаламқас Нысанбай, «Алматы» телеарнасы, Нұр-Сұлтаннан