Алматы облысында ағалы-қарындас есірткі жасаумен айналысқан

06.11.2021 20:33

Күдіктілер уақытша ұстау абақтысына қамалды

inform.kz

Алматы облысында ағалы-қарындас есірткі өндірісімен айналысып келген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

«Алматы облысы Полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл жөніндегі қызметкерлері Талғар ауданында есірткінің жасырын өндірісін жойды. Күдіктілер – туыстық қатынастағы жігіт пен қыз синтетикалық есірткіні өндіру және өткізу фактілерін анықтау бойынша жүргізілген «Рефлекс» арнайы операциясы барысында полицияның назарына ілікті. Жедел қызметкерлер барлық мән-жайды анықтау және күдіктілердің есірткіні өндіру мен таратуға қатыстылығын дәлелдеу үшін оларды бақылап жүрген. Қылмыстық әрекет расталып, есірткі мен шикізатты қылмыстық мақсатта пайдалану немесе оларды жойып жіберу қаупі туындаған кезде қылмыскерлер ұсталды», - делінген хабарламада.

Мәлім етілгендей, тінту барысында 3,6 келі альфа-PVP синтетикалық есірткісі (7200-ден астам бірреттік доза), прекурсорлар, респираторлар және синтетикалық есірткі заттарын дайындауға қажетті құрылғылар алынды.

«Ұсталғандардың жауабынан белгілі болғандай, есірткі өндірумен айналысу идеясы бірнеше ай бұрын пайда болған. Алдымен олар Алматы қаласында есірткіні белгілі бір жерге жасырумен айналысып келген, кейін оларды өндіруге көшкен. Талғар ауданы Тереңқара кентінде үй жалдап, қажетті химикаттар мен жабдықтарды сатып алғаннан кейін есірткі өндірісін бастаған. Оны өткізу үшін көтерме саудагерлерді іздестірген. Дайын есірткіні кенттің маңында адам жүрмейтін жерлерге Құлжа жолының бойында жасырып отырған. Күдіктілер есірткі жасырып жатқан жерлерінде ұсталды», - делінген полиция ақпаратында.

Күдіктілер уақытша ұстау абақтысына қамалды, олар өз кінәсін толық мойындады. ҚР ҚК-нің 297-бабы 3-бөлігі 1,3-тармақтары (Адамдар тобының алдын ала сөз байласуы бойынша жасалған аса ірі мөлшердегі есірткі заттарын заңсыз сатып алу, сақтау, тасымалдау не өткізу) бойынша сотқа дейінгі өндіріс қозғалды. Бұл бап бойынша 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.