Ұсталған азамат жалға берушіге өткір иісті автомобильдерге бояу жасаймын деп сендірген
Елордалық полиция қызметкерлері жеке секторда «жылдамдық» және «Амфетамин»деп аталатын синтетикалық есірткі жасап, сатуға дайындаған зертхананы анықтады. Есірткі өндірісін Екібастұз қаласының тұрғыны ұйымдастырған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Күдікті жалға алған тұрғын үй-жайды тінту кезінде синтетикалық есірткі өндіру үшін пайдаланылатын химиялық және психотроптық заттар салынған колбалар, химиялық формулалар жазылған дәптерлер, өлшеу таразылары мен газқағарлар, сондай-ақ есірткі дайындау кезінде қолданған жеке химиялық қорғау костюмі табылған. Сонымен қатар, жедел қызметкерлер сатуға дайындалған 1500-ден астам бір реттік есірткі мөлшерін тәркіледі.
Мамандар синтетикалық есірткі өндіру кезінде химиялық реакциялардың ерекшеліктеріне байланысты өздігінен жану, жарылыс қаупі бар екенін атап айтты. Бөлінетін күйдіргіш газ адамның денсаулығына ауыр зиян келтіруі мүмкін. Сондықтан зертхананы жоюды Ішкі істер министрлігі Төтенше жағдайлар комитетінің қызметкерлері химиялық қорғау киімдерімен жүзеге асырды. Ұсталған азамат жалға берушіге өткір иісті автомобильдерге бояу жасаймын деп сендірген. Өз «тауарын» есірткі өткізуші көтерме сауда партияларымен қалада тығып қалдыру әдісімен интернет арқылы сатқан. Мәселен, тергеу әрекеттерін жүргізу барысында қалалық зираттан 315 грамм есірткі заты тәркіленді. Қазіргі уақытта ұсталған азамат қамауға алынды. Тергеу жүргізіліп жатыр.