Субсидиялаудың деректер базасы қабылдау-тапсыру актісі арқылы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіне берілді
2023 жылдың 1 қаңтарынан Qoldau платформасының фермерлерге субсидия беруге арналған сервисі қызметін тоқтатады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Аталған сервис қызметін тоқтату субсидиялаудың бірыңғай мемлекеттік ақпараттық жүйесін іске қосумен және Qoldau цифрлық платформасының алдына қойылған жаңа, ауқымды міндеттермен байланысты.
«Субсидиялаудың деректер базасы қабылдау-тапсыру актісі арқылы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіне берілді. Қаржы институттары – агроөнеркәсіп кешенін қаржыландыру нарығына қатысушылардың өтініші бойынша оларға, сондай-ақ субсидиялау сервисінің тарихи деректері ұсынылды. Бұл субсидиялау саласының Бірыңғай мемлекеттік ақпараттық жүйесіне (БМАЖ) ауыртпалықсыз көшуіне кепілдік береді. Ал Qoldau платформасы мемлекеттік шекарадағы өткізу бекеттерін цифрландыру, бағалау, аудиторлық және бухгалтерлік қызметті цифрландыру, мемлекеттік кірістер органдарының мониторингі үшін астықты қадағалау саласы, банкроттық рәсімдерін цифрландыру, мемлекеттік мүлікті тиімді пайдалану мониторингі және ел басшылығының тапсырмалары шеңберінде басқа да ауқымды жобаларды іске асыра отырып, жұмысын жалғастыра береді», – делінген хабарламада.
Айта кетейік, Qoldau субсидиялау сервисі арқылы 2018 жылы пилоттық режимде іске қосылған сәттен бастап бүгінге дейін 700 млрд теңгеге жуық субсидия төленді (бүгінгі бағам бойынша 1,5 млрд АҚШ доллары). Субсидия алушылардың қатарында 61 мыңнан астам шаруа қожалықтары мен компаниялар бар. Инвестициялық субсидиялау көлемі шамамен 312 млрд теңгені құрайды. Qoldau сервисі арқылы 95 миллиардқа жуық теңге үш бағыт бойынша төленді. Атап айтқанда, кредиттер мен лизинг бойынша пайыздық мөлшерлемені субсидиялау, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуді қолдау және аграрлық сала кәсіпорындарын қаржылық сауықтыру.
Qoldau субсидиялау сервисі бюджет қаражатынсыз мемлекеттік-жекешелік әріптестік негізінде жасалып, енгізілді. Осылайша агроөнеркәсіп кешенін субсидиялау ашықтығы қамтамасыз етілді. Цифрландырудың бұл жобасы құқық қорғау органдарына мемлекеттік қаржыны жымқыру фактілерін анықтауға мүмкіндік берді. Себебі сервис цифрландырылған кез келген араласуды көрсетіп отырады. Осылайша мониторинг жүргізу кезінде фискалдық органдардың жұмысын жеңілдетті.