Жамбыл облысында бүтін бір ауыл 10 күннен бері ауыз сусыз отыр

10.11.2020 00:13

Тараз қаласының іргесінде орналасқан елді-мекен тұрғындары қазір жалғыз құдықпен жан бағуға мәжбүр

Almaty.tv

Жамбыл облысында бүтін бір ауыл 10 күннен бері ауыз сусыз отыр. Тараз қаласының іргесінде орналасқан елді-мекен тұрғындары қазір жалғыз құдықпен жан бағуға мәжбүр. Тұрғындар малымыз да жанымыз да сол жерден сусындайды, дейді. Билік құбыры бар, бірақ суы жоқ жүйені неге салып берді? Аймақтағы Almaty.tv тілшісі Мерей Бает жағдайды баяндайды.

Бұл – 10 күннен бері ауыз сусыз отырған Жамбыл ауданындағы Қапал ауылының тұрғындары. Бүкіл қауым бір құдыққа қарап, таңнан кешке дейін сол жерден судың тартылмауын тілейді. Бірақ 600-ге жуық тұрғыны бар Тараз маңындағы елді-мекенге, кеңестік кезеңнен қалған жалғыз құдық аздық етеді.  

Блиц:

– Өте жаман қиындық болып жатыр.  Малымыз бар жанымыз бар. Барлығына керек қой.

– Баяғыда ата-бабамыз қазған бір құдық бар. Осыдан ішеміз, бұның ішіне не түсіп, не шықпай жатыр.

– Бұл жерге мал түсіп кеткен. Содан кейін бұны ішуге де жарамайды негізі. Ол бір 5-6 шелек алғаннан кейін тартылады да  астынан лайы топырағы шығып кетеді.  

Қапал ауылында негізінен су құбыр жүйесі 2 жылға жуық уақыт бұрын тартылған дейді. Бірақ тартылды деген аты болмаса, тіршілік нәрін татқанымыз аз, әлі де ауыз судан тарығып отырмыз дейді, тұрғындар.

«Бір күні береді, 5-6 күннен кейін қайтадан өшіріп қояды. Қайтадан береді. Жүгіріп барады барлығы. Біздің әкім сәл жұмыс істемейді негізі», – деді Қапал ауылының тұрғыны Тіріболсын Байшақанов.    

«1-де берсе, 3-те өшіреді. 12-де берсе, 4-те өшіріп қояды. Кей күні берлімей қалады. Ешқандай бақылау жоқ бұл жерде. Дайын суды бермей, отырғанын біз осыған ел түсінбей отырмыз. Кеп тұрған су неге берілмейді?» – деді Қапал ауылының тұрғыны Қали Бесбаев.  

10 күннен бері сусыз отырған елдің жағдайынан аудан әкімдігі хабардар. Мамандардың мәліметінше, аталған ауылмен ауылдың су жүйесі республикаға қарасты мекеменің меншігінде екен. Енді тұрғындарға су беру үшін, сол құбырларды аудан меншігіне аудару жұмыстары жасалу керек. Жауаптылар бұл жұмыспен айналысып жатқандарын жеткізді.

«Бір аптада бізге «ҚазСуШар» арнасы өзінің уәде берген уақытына байланысты бір жетінің ішінде құжаттарының бәрін өткізіп біздің теңгерімге беретін болса. Теңгерімге алған күннен бастап, біз осы ауылға суды толығымен мәселесін шешеміз», – деді Жамбыл ауданы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Елдос Кеңесбеков.

Бөлімге жаңадан келдім деген басшы мәселені осылайша апта ішінде шешемін деп уәде берді. Айтылған проблема сондай оңай болса, тұрғындар 2 жылға жуық уақыт сусыз отырғанына таң. Айта кетейік, облысқа қарасты Жамбыл ауданында дәл осындай жағдайдағы әлі 5 ауыл бар.

Мерей Бает, Шыңғысхан Кеңесхан, «Алматы» арнасы, Жамбыл облысынан