«Жастар үні» блогының мақсаты – үгіт-насихат емес, халыққа таныстыру, билікке келуге үмітті буынға қолдау көрсету
Сайлауда 100-ден астам жас кандидатқа қолдау көрсетілді. Саяси науқан қарсаңында құрылған «Жастар үні» блогы Мәжіліс және мәслихат депутаттығына додаға түскен жастарға ақпараттық бағытта көмек көрсетті, - деп хабарлайды Almaty.tv.
Бастама ұйымдастырушыларының сөзінше, блог құрылған алғашқы күннен бастап әр өңірден жастар хабарласып, республикалық деңгейде қолдау сұраған. Бастамашыл топ өкілдері жас кандидаттарды көпшілікке таныстырып отырған. Мақсат – үгіт-насихат емес, халыққа таныстыру, билікке келуге үмітті буынға қолдау көрсету.
«Хабарласқан 100-ден астам жас кандидатқа қолдау көрсеттік. Әсіресе, өңірдегі жастар республикалық деңгейде қолдау керегін айтты. «Сайлауға берген өтінішті алыңыз, біздің өз кандидаттарымыз бар» деген сияқты қысым болғанын айтты», – деді «Жастар үні» блогының ұйымдастырушысы Ақбөпе Тәңірберген.