Сонлай-ақ 300-ден астам қала тұрғыны бірте-бірте бейімделіп келеді
Алматыда жыл басынан бері өзге ағымның жетегінде кеткен 95 азамат оңалтылса, 300-ден астам қала тұрғыны бірте-бірте бейімделіп келеді. Бұл туралы жергілікті Дін басқармасының өкілдері айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Әсіресе 5 жылдан бері жұмыс істеп тұрған «Кеңес беру және оңалту» орталығы белсенділік танытуда. Мамандар тек түсіндіру жұмыстарын жүргізіп қоймай, әр адамның әлеуметтік желісін қадағалап, ұстанымдарын бақылаған.
Одан бөлек, шетелдік уағызшылардың насихаттары да үнемі тексерілетінін айтады.
«Біздің теологтар арабша сауатты. Теологиялық бағытта арабша өте сауатты болу керек. Себебі шетелдік араб мемлекеттерінің көсемдері арабша уағыздар жүргізеді. Міндетті түрде сол уағыздарды күнделікті, апта сайын өзіміз қараймыз, тыңдаймыз», – деді қалалық «Кеңес беру және оңалту» орталығының директоры Руслан Қайыргелді.
Айта кетейік, орталық қызметкерлері теріс ағымдарды ұстанатындарды түзу жолға салу үшін түрлі шеберлік сағаттарын өткізіп, 6 азаматшаның хиджама курсын аяқтағанын айтады.
«Орталықтың негізгі мақсаты – деструктивті діни ағымның жетегінде кеткен азаматтарды оңалту. Яғни дәстүрлі исламға қайтару. Сол себепті, кеңес беру, оңалту және профилактика бағытында жұмыстар атқарылып жатыр», – деді қалалық Дін істері жөніндегі басқарма басшысының орынбасары Ерғали Көшеке.