Алматыда қандай нысандар карантин талабын жиі бұзады

26.10.2020 20:14

Демалыс күндері Алмалы ауданында 4 бизнес нысаны тексеріліп, заң бұзғандарға хаттама толтырылды

Алматыда эпидемиологиялық талаптарды сақтамай, түнгі уақытта жұмыс істейтін ойын-сауық нысандарын анықтау жалғасуда, деп хабарлайды Almaty.tv.

Бүгінде рейдтік шаралар күндіз, сондай-ақ түнгі 23.00-ден кейін де жүргізіліп жатыр. Демалыс күндері Алмалы ауданында 4 бизнес нысаны тексеріліп, заң бұзғандарға хаттама толтырылды. Қара тізімге енген бұл көңіл көтеретін орындар енді ерекше назарға алынады.

«Сұраныс бар жерде қашанда ұсыныс болады. Бәріміз білетіндей, біздің халық айтылған ескертулерге қарамастан қыдыруды, көңіл көтеретін орындарда отыруды құп көреді. Халыққа ары қарай да түсіндіруді жалғастырамыз. Бұл оның өзінің және отбасының денсаулығына зияны тиюі мүмкін. Жұмыстың арқасында, заң бұзушылық азайып келе жатыр», – деді  Nur Otan партиясының алмалы аудандық филиалы мониторинг тобының мүшесі Антон Крикнин.

Ал Наурызбай ауданындағы рейд кезінде 15-тен астам кәсіпкерлік нысаны тексеріліп, түнгі уақытта жұмысы қызған екеуі анықталды. Оның бірі дәмхана болса, екіншісі лото клуб. Жалпы мониторинг барысында ескертпеге құлақ аспаған 4 нысанға айыппұл салынды.

«Бір мейрамханада 40 адамға отбасылық мерекелік шара өткен. Құдалық тоқтатылып, қонақтар үйлеріне қайтарылды. Ал бір дәмханада әкімшінің өзі жұмыс орнында медициналық бетпердесіз отырды. Келесі дәмхана түнгі 23.00-ден кейін жұмыс істеді. Лото клубтарға мүлдем жұмыс істеуге рұқсат берілген жоқ. Бұл жұмыс ары қарай да жалғаса береді», – деді Наурызбай аудандық Кәсіпкерлікті және өнеркәсіпті дамыту бөлімінің бас маманы Жәнібек Сағит.