Медициналық сақтандыру қорына алматылықтардан 1,3 мың шағым түсті

inform.kz
inform.kz
Түскен өтініштің басым бөлігі медициналық сақтандыру жарнасына қатысты
Жаңалықтармен бөлісіңіз

2021 жылдың бірінші жартысында Медициналық сақтандыру қорына алматылықтардан 1396 шағым түсті. Бұл туралы Қордың Алматы қалалық филиалының директоры Тілеухан Әбілдаев мәлім етті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Оның айтуынша, түскен өтініштің басым бөлігі медициналық сақтандыру жарнасын төлеу, МӘМС жүйесіне қатысу, жеңілдігі бар санатқа қосылу мен сақтандыру статусын анықтау мәселесіне қатысты.

Консультациялық сипаттағы сауалдардың дені Нұр-Сұлтан (100 мың адамға шаққанда 727,5), Алматы (100 мың адамға 375,1), Шымкент (100 мың адамға 162,1) қалаларына тиесілі.

«Жалпы 2021 жылдың бірінші жартысында халық тарапынан 6552 шағым түскен. Оның 1 396-сы Алматы тұрғындарының еншісінде. Алматылықтар көбіне диагностикалық қызметті көрсетуден бас тарту (28%), көрсетілмеген қызметті ақпараттық жүйеге «көрсетілді» деп тіркеу (10,5%), медициналық көмекті ұзақ күту (7%), тиісті дәрі-дәрмектерді бермеу (6,6%) сынды мәселе бойынша шағымданған», – деді филиал басшысы.

Соңғы кезде коронавирус инфекциясының күшеюіне байланысты медициналық мекемелерде жоспарлы көмектің қолжетімділігі мен сапасына қатысты шағымдар көбейгенін атап өту қажет. Егер қорға бірінші тоқсанда осы мәселеге қатысты 2599 шағым түскен болса, 2-ші тоқсанда сарапшылар 4056 шағымды қарастырған.

Айта кетейік, Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы, 1406 бірыңғай байланыс нөмірі немесе fms.kz ресми сайты арқылы тәулік бойы медициналық сақтандыру және пациент құқығы бойынша сауал қабылданады.

Новости партнеров