Қаңтар оқиғасында отқа оранған Алматы әкімдігі ғимаратының тазалау жұмыстары толық аяқталды. Оған жалпы саны 700-ге жуық жұмысшы жұмылдырылған болатын. Ең маңыздысы, тарихи нысан қайта жөндеуден өтсе де, негізгі тарихи келбетін жоғалтпайды деп отыр мамандар. Оның үстіне, құрылысты жүргізетін мердігер компания әлі анықталмапты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Жалпы аумағы 33 мың шаршы метр болатын әкімдік ғимаратын тазартуға 700 жұмысшы жұмылдырылған болатын. Қазір олар негізгі жұмысты аяқтап, мекемені демонтаждауға дайындап жатыр екен. Ал қазір мекеменің сыртқы қабаты толық сүріліп тасталған.
Әкімдік ғимаратын тазалау қаңтардың ортасында басталған, қазір онда құрылыс кезеңіне дайындық жүріп жатыр. Шатыр жабындысының негізгі қаңқасын алып тастап, құрылысшылар жарамды-жарамсыз бөліктерін анықтау үшін арнайы комиссияға табыстамақ.
«20 қаңтардан бастап жиырма «КамАЗ» қоқыс шыққан шығар. Кірпіштер, темірлер, ағаштар бар. Енді мына кіреберістің үстін тазалап жатырмыз», - деді жұмысшы Жұмабек Есенаманов.
Мынау Алматы әкімдігі ғимаратының негізгі кіреберісін өрттің алғаш тұтанған жері деп баға беріп отыр мамандар. Сол себепті бұл аумақтың жөнделуі де күрделі болмақ.
Құрылысы 1980 жылы басталған зәулім ғимаратта ірі бес кеңсе залы болған. Олардың әрқайсысы тарихи келбетін сақтай отырып, өзгеше дизайнмен әрленген еді. Ең өкінішітісі, олардың қазір сау-тамтығы қалмаған.
Ал әкімдік қызметкерлерінің сөзінше, өрттен ең көп зардап шеккен бөлігі – күмбез тәрізді Мәжіліс залы. Мұнда терезе болмағандықтын, өрт кезінде бұл жер нағыз пешке айналып, іші түгел жанып кеткен дейді.
«Конструкцияны алып жатыр. Сондықтан жеңілдетіп, гранит қаптамалы алюминий қаңқа болады», - деді құрылыс бригадирі Гайдар Жоламанов.
Қалалық құрылыс басқармасы өкілдері Алматы әкімдігі ғимаратының сыртқы қасбеті әуелгі архитектурасынан айнымайтындай мәрмәрдан қапталады деп отыр. Ал ұсынылған материалдың екі түрін таңдау үшін қоғамдық кеңеске саламыз дейді. Тағы бір айта кететіні, құрылысқа отандық өнім пайдаланылмақ. Мәрмәр тасты Шымкент пен Батыс Қазақстаннан әкелген екен.
«Мұнда жобалық жұмыстар 20-25 наурызда бітеді. Содан кейін мемлекеттік сараптамаға береміз. Сол мемлекеттік сараптаманың нәтижесін 10-15 сәуірге дейін аламыз деген сенімдеміз. Аглай плитасы өзіміздің Қазақстандікі, оның үстіне, үлгі үшін Шымкенттегі Бесқұдық өңірінен тағы плиталар алдырдық. Плиталарды арнайы жүйелерге бекітуіміз керек, сондықтан біршама өзгерістер болады», - деді Жайлы қалалық орта басқармасы басшысының орынбасары Сайлау Байназаров.
Өзгерістер тек жақсы жаққа бет алады дейді маман. Олай дейтініміз, заманауи үлгідегі жылыту жүйесі, ылғал өткізбейтін жабындылар сынды қосымша материалдар қолданылмақ екен. Алайда әкімдік өзінің сол тарихи келбетін сақтап қалады дейді мамандар. Яғни, мың бояулы қаланың көркін келтірген мәрмәр тасты ғимараттың келбеті бұрынғысынан да ажарлы бола түспек.
Әлібек Шынтемір, Мейрам Исабеков, Арсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы