Сайлау: Елтай ауылдық округі тұрғындарының 90 пайызы өз таңдауларын жасады

Almaty.tv
Almaty.tv
Дауыс беруге арналған сайлау бюллетенінде 3 кандитаттың есімі жазылған
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы облысына қарасты Қарасай аудандық Елтай ауылдық округінің тұрғындары да бүгін алғаш рет ауыл әкімін таңдады. Таңертеңнен бері саяси науқанға келушілердің саны көп. Комиссия мүшелері олардың дені жастар екенін айтады. Ел ертеңіне бүгіннен алаңдаған тұрғындар ауылдағы әлеуметтік мәселелер уақыт өтпей шешілсе екен деп отыр. Биылғы сайлаудың ерекшелігі қандай? Сайлау санитарлық талаптарға қаншалықты сай өткізіліді? Almaty.tv тілшісі Ұлағат Арғын толығырақ баяндайды.

Елтай ауылдық округінің тұрғындары бүгін жаңа әкімдерін сайлауға таңалакеуімнен кірісті. Жалпы ауыл тұрғындарының саны 18 мыңға жуықтайды. Оның ішінде кәмелетке толғандар саны – 10 мың 872 адам. Мұнда 8 сайлау учаскесі дайындалған. Мәсімхан Бейсебаев атындағы орта мектептегі сайлау нүктесінде тұрғындар белсенділік танытты. Кешке дейін тізімде тұрған тұрғындардың 90 пайызы келіп, өз таңдауларын жасады.

«Сайлау учакесінде 1834 сайлаушы бар. Оның ішінде 2 сайлаушы денсаулығына байланысты келіп дауыс бере алмайды. Сол себепті біздің мамандар үйлеріне барып дауыстарын алып келді», – деді Елтай ауылдық округі № 498 сайлау учаскесінің төрайымы Айгүл Шолпанқұлова.

Елтай ауылдық округі бойынша 3 кандидат әкім қызметіне үміткер. Олардың екеуі - 1994 жылғы азамат болса, біреуі - 92 жылы туылған жас маман. Бәрі Қазақстан азаматы, әрқайсысы бүгінге дейін түрлі бағытта мемлекеттік қызметте жұмыс атқарып келеді.

Дауыс беруге арналған сайлау бюллетенінде 3 кандитаттың есімі жазылған. Одан бөлек, 4-бағанада бәріне қарсымын деп көрсетілген. Яғни, дауыс беруші ешкімді таңдамай бәріне қарсы екендігін де білдіре алады. Айта кетейік, елімізде мұндай ерекшелік сайлау болғалы алғаш рет енгізіліп отыр.

Дауыс берушілердің көпшілігі қазір Береке ауылында әлеуметтік мәлелелердің шешілгенін қалайды. Жол, ауыз су мен мектеп тапшылығы. Аудан тұрғындары жаңа әкімнен осы секілді халық тұрмысының тіктеуіне ықпал ететін шаруаны жүргізетініне үмітті.  

«Елімізге тек жақсылығы болсын. Әр әкім өзінің жақсы жаңалығымен бөлісіп тұрса, сол бақыт бізге. Жаңа әкімнен не күтеміз, ол су мәселесін шешіп берсе жақсы болар еді», – деді Елтай ауылдық округінің тұрғыны Несіпхан Қыдырәліқызы.

«Өзімнің белсенділігімді танытып, сайлауға қатысып отырмын. Жаңа әкімнен жол мәселесін, жаңа мектептердің салынуын күтеміз, осы мәселелер шешіледі деп ойлаймыз», – деді Елтай ауылдық округінің тұрғыны Жарқынай Тәшіметова.

Сондай-ақ, сайлау учаскесі санитарлық талаптарға сай. Кіре берістен бастап дезинфекция тунелі ораналасқан. Әр сайлау учаскесінде медибикелер тұрғындардың дене қызуын өлшеп, бетпердесінің бар-жоғын тексеріп кіргізеді. Одан бөлек, адамдардың бір жерге топтасып жиналмауы үшін мектепке кіретін есік бөлек, шығатын есік бөлек қарастырған.

Ұлағат Арғын, Мейрам Исабеков «Алматы» телеарнасы



Новости партнеров