115 үміткердің 97-і ер, өзгесі әйел
Ақтөбеде ауыл әкіміне 115 кандидат өтініш берді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Бүгін кандидаттарды тіркеу аяқталды. Облыстық сайлау комиссиясының төрайымы Гүлнәр Күнбаева үміткерлерді тіркеу жұмысын қорытындылады. «Барлығы 35 ауылда 74 сайлау учаскесі жұмыс істейді. Сайлау 84 елдімекенде өтеді. Көбі Әйтеке би ауданына тиесілі. Мұнда 15 учаскеде дауыс санау жүргізіледі.
«Өтініш берген 115 кандидаттың 99-ында құжаты дұрыс. Ал жетеуінің құжаты заңнама талаптарына сай келмеді. Бәсекелестік бар. Әр округке үш адамнан келеді», – деді облыстық сайлау комиссиясының төрайымы Гүлнәр Күнбаева.
Айта кетейік, үміткерлердің 67-і саяси партия атынан ұсынылды. Nur Otan партиясынан 29, «Ауылдан» 16, Қазақстан халық партиясынан 6, «Адалдан» 5, «Ақжол» партиясынан 9, Жалпы ұлттық социал-демократиялық партиясынан екі адам ұсынылды. Ал 48 адам өзін-өзі ұсынды.
115 үміткердің 97-і ер, өзгесі әйел. Орташа жасы - 40 жас. Ең жасы 27 жаста, ең үлкені 63-те. Облыстық сайлау комиссиясының төрайымы Гүлнәр Күнбаеваның айтуынша, 62-і мемлекеттік, 31-і бюджеттік сала қызметкері.