Қызылорда облысында ата-анасы өз ұлдарын тас жолда ұмытып кеткен

05.02.2020 20:24

Туған ұлын ұмытып кеткен ата-аналарының көлігі аймақтағы көлік тұрағынан табылған

wallhere.com

Қызылорда облысында ата-аналар өз баласын суық күні тас жолда ұмытып кеткен. Баланы көріп қалған полицейлер оны аман-есен үйіне қайтарды, деп хабарлайды Stan.kz.

Оқиға 1 ақпан күні түнгі 23:30 шамасында орын алған. Жолды қарауылдап жүрген сақшылар Қодаманов ауылының маңындағы тас жолда кетіп бара жатқан жеткіншекті кездестіріп қалған.

Полицейлер баланы Шиелі аудандық полиция бөліміне жеткізіп, одан қалай далада қалып қалғандығы жайлы сұрастырыпты.

9 жасар баланың сөзінше, олар отбасымен бірге көлікпен келе жатқан. Біраздан кейін жанұя көліктерін тоқтатып, жеткіншектің ата-анасы көліктен түскен. Осы кезде көліктің артында ұйықтап келе жатқан бала да өздерінің жол шетінде тоқтап тұрғанын байқап, дәрет сындыруға сыртқа шығыпты. Тәртіп сақшылары баланың әкесі болған жайттың мән-жайын түсіндірмекші болып жатқандығын бейнежазбаға түсіріпті.

«Біз оны көрмей, көлікке отырып жүріп кеттік. Түн болғандықтан арттан ешнәрсе байқалмады, оның айқайлаған даусын естімей қалдық», - деді ер азамат.

Баланы тапқан полиция қызметкерлері болжалды «LADA Vesta» маркалы көлігі жайлы барлық бекеттерге хабар берген. Туған ұлын ұмытып кеткен ата-аналарының көлігі аймақтағы көлік тұрағынан табылған. Ең қызығы, ерлі-зайыпты балаларын ұмытып кеткендігі жайлы оны полиция бөлімінде кездестіргеннен кейін бірақ біліпті.