Жол апаты салдарынан 2 адам дене жарақатын алды
Нұр-Сұлтанда бір тәулікте 89 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 2 адам зардап шекті. Ал өткен тәулікте 114 жол апаты болған. Бұл ретте елордалық полиция департаменті жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерге жолда сақ болу керек екенін ескертіп, көлікті көше бойына қойып, тазалау жұмыстарына кедергі келтіретіндерге әкімшілік шара қолданылатынын жеткізді. Ал синоптиктер алдағы күндері ауа райының қалай құбылатынына болжам жасады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Соңғы күндері елордада жол апатының жиілеп кетуіне ауа райы әсер еткен. Қаланың коммуналдық қызметі ақ ұлпаны тазалау жұмыстарына кірісіп те кеткен. Тәртіп сақшылары көлікті көше бойына қойып, тазалау жұмыстарына кедергі келтіретін жүргізушілерге әкімшілік шара қолданылатынын ескертеді.
«Ауа райының қолайсыздығына байланысты автокөлік жүргізушілерінен жол жүру ережесін қатаң сақтауды, оның ішінде жылдамдықты асыра пайдаланбауды, бағдаршамның рұқсат етілген белгісіне өтпеуді және арақашықтықты сақтауды сұраймыз. Жаяу жүргіншілер жолдан өтер кезінде бағдаршамның рұқсат етілген белгісіне өтуі, жүргізушілер арнайы жаяу жүргіншілерге арналған жолды кесіп өтпеуі тиіс», - деді Полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының аға инспекторы Бауыржан Тоғжұман.
Дәл қазір елордада қардың қалың жаууынан қаланы қардан тазарту жұмыстары жүріп жатыр. Әкімдіктің хабарлауынша, ақпанның 13-інен 14-іне қараған түні 25 мың текше метрден астам қар шығарылған. Сонымен қатар 1 мыңнан астам техникамен 1600 жұмысшы жұмылдырылған.
«Қазгидромет» алдағы күндері елде ауа райы -30 градусқа дейін суытуы мүмкін деп болжап отыр. Елдің шығысы мен оңтүстік-шығысында антициклонның ығысуына қарай 17 ақпанда жауын-шашын тоқтап, термометр көрсеткіші төмендейді. Бұл күндері шығыс өңірлерде түнде 25-30 градус, ал оңтүстік-шығыста 20-25 градус аяз болады деп күтілуде.
«Батыс антициклоны ауа температурасын төмендетеді. Циклонның артынан қара теңіз аудандарынан жылжып келе жатқан антициклон Қазақстан территориясына ықпал етеді. Осыған орай солтүстік аймақтарда бұлттың сейілуіне байланысты түнгі уақыттарда температураның қарқынды төмендеуі байқалады. Бұл өз кезегінде қатты жауған қардың соңынан түнгі температураның төмендеуіне әкеледі», – деді «Қазгидромет» РМК инженер-синоптигі Ақмарал Смағұл.
Бүгін елордада ауа райының қолайсыздығына байланысты екінші ауысымдағы бастауыш сынып оқушылары қашықтан оқуға көшірілді.
Қаламқас Нысанбай, Данияр Омар, Нұрлан Өтеген, «Алматы» телеарнасы, Нұр-Сұлтаннан