Алматыда Instagram арқылы елді алдаған 23 жастағы жігіт ұсталды

18.03.2019 20:30

Ол букмекерлік кеңселердің ставкасы арқылы ақшаны көбейтіп берем деп уәде берген

inform.kz

Алматыда Инстаграм желісін пайдаланып адамдардың ақшасын жымқырған 23 жастағы жігіт ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Ол Instagram әлеуметтік желісінде «Olimp_bets_kzzz» тобын құрған. Ол букмекерлік кеңселердің ставкасы арқылы ақшаны көбейтіп берем деп уәде берген. Осылай ол тұтынушыларына «8-700-694-14-52» киви-әмиянына ақша аудартып,  керек қаражатын алып алған соң ол клиенттерімен байланысты үзіп, парақшаны бұғаттап отырған. Қазіргі таңда оның 4 қылмысқа қатысы бары анықталды. Жалпы алғанда алаяқ жігіт адамдардан 6 млн теңге алған. Бұл дерек бойынша ҚР ҚК 190-бабының 2-бөлімімен сотқа дейінгі тергеу жұмыстары басталды», - деді қалалық Полиция департаментінің Криминалды полиция басқармасының басшысы Есен Ысқақов.

Полиция осы адамның әрекетінен зардап шеккендер болса, 298-51-36; 8-747-818-31-99 нөмірлеріне хабарласуын сұрайды.