Қасын бояп, бетін тазартады: қазақ жігіттері сұлулық салонына қыздармен жарысып барады

06.11.2019 20:30

Олар қасын боятып, тырнақтарын жасатады, денесін түктен тазартуға көп келеді екен

Продюсер Ринат Таттыбай қасын бояйтынын жасырмайды. Ол үш айда бір рет сұлулық салонына келетінін айтады, деп хабарлайды Stan.kz.

«Мен ұлу терапиясын алғанмын, одан бөлек бетке массаж алдым. Бетімдегі қара нүктелерді тазарттым. Бұл қалыпты жағдай деп ойлаймын. Әрбір өзін сыйлайтын адам өзін күтуге тиіс», - дейді ол.

Бұдан бөлек жігіттер қасын формамен қидырып, бояуды әдетке айналдырған. 

Гауһар есімді мастерге бір күнде 4 жігіт осы қызмет үшін келді. 

«Бұрын жігіттер ұялатын. Өздері үй жағдайында жасайтын. Қазір бұл тенденцияға енді. Сондықтын еш қымсынбастан салонға келеді», - дейді Гауһар.

Жігіттер қастан бөлек, тырнақ жасатуға, бетін тазартып, безеуді кетіруге, түктен тазартуға көп келеді екен. 

«10 жыл бұрын маған келушілер арасында 1-2 пайызы ғана ерлер болатын. Қазір 20-30 пайызы ер адамдар», - дейді косметолог-дерматолог Айнұр Дүйсенбаева. 

Алайда тұрғындардың пікірі екі түрлі. Бірі ерлердің мұнысына қарсы шықса, бірі қолдайтындарын айтты.