Павлодарда студент қыз 15 жылға сотталуы мүмкін

02.04.2022 20:31

Студент қыз жарты жылдай есірткі саудасымен айналысатын интернет-дүкенде істеген

© Sputnik / Anar Mustafayev

Павлодар қаласында синтетикалық есірткіні тығып таратқан студент қыз ұсталды, деп хабарлайды Almaty.tv облыстық Полиция департаментіне сілтеме жасап.

22 жастағы қыз жоғары оқу орындарының бірінде 4-курста оқиды. Жарты жыл бұрын ол желіде жоғары жалақысы бар жұмыс туралы хабарландыру көрген. "Бір күнде 35 мың теңгеге дейін табыс табуға болады" деген ақпарат та болған.

"Студент қыз хат жазысып, қалада есірткіні тығып тарату керек екенін білді. Бірақ жұмыстан бас тартқан жоқ. Сөйтіп, жарты жылдай есірткі саудасымен айналысатын интернет-дүкенде істеді", - дейді тергеушілер.

Студент өз кәсібін жүргізу үшін пәтер де жалдаған. Сол жерде психотроптық заттардың ірі партияларын бөліп, шағын түйіншектер жасаған. Сосын қаланың әртүрлі жерлеріне тығып жүрген. Тергеу шаралары кезінде 693 грамнан асаатын синтетикалық есірткі тәркіленді.

Қазіргі кезде Қылмыстық кодекстің 297 бабы 3-бөлігі (Бірнеше рет электронды ақпараттық ресурстарды пайдалану арқылы есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

Күдікті он жылдан он бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Мүлкі де тәркіленеді.

Студент қыз қамауға алынды.

Дереккөз: Sputnik Қазақстан