116 қала мен 5 мыңға жуық елдімекен сапалы ғаламтор желісімен қамтылған
Еліміз бойынша 1500-ге жуық ауыл ұялы байланыс пен интернет игілігін көре алмай отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Тек 116 қала мен 5 мыңға жуық елдімекен сапалы ғаламтор желісімен қамтылған. Ал Цифрлық даму министрлігі жуырда қалған ауыл аймақтарды да жылдамдығы жоғары интернетпен қамтамасыз ететініне сендірді.
Ақмола облысының Кенащы ауылында 300-ге жуық адам тұрады. Олар әлі күнге үй телефонын пайдаланады. Екі жыл бұрын ауыл тұрғындары сымды Интернет өткізуге мәжбүр болған. Оның өзіне коронавирус пандемиясына байланысты мектеп оқушыларын онлайн оқыту қажеттілігі туындаған соң қол жеткізген екен.
«Қазір бізде үйде Интернет, Wi-Fi бар. Wi-Fi арқылы біз сөйлесе аламыз, ал көшелерде еркін сөйлесе алмаймыз. Бір жерге қоңырау шалу үшін осылай байланыс ұстайтын жерді іздеп жүру керек», – деді Кенащы ауылының тұрғыны Жібек Сәдуақасова . .
Жібек Сәдуақасованың айтуынша, үйге интернет орнату да арзан емес. Қызмет құны 50 мың теңге. Жыл сайын жергілікті билік елдімекенде ұялы байланыстың базалық стансасын орнатып беруді уәде етеді екен. Бірақ сөз іске аспай қалады. Шалғайдағы елдімекен тұрғындары интернетке шағымданып жатқанда, елордалықтар мен қала қонақтары да оның сапасына көңіліміз толмайтынын алға тартты.
«Ұлытау ауданында байланыс жоқ. Шенбер, Қоскелен мекенінде де мүлдем интернет ұстамайды. Қырға шығып сөйлесеміз», – деді қала қонағы Серік Әбдіғалып.
Цифрлық даму министрлігіндегілер ауыл мен қаладағы интернеттің сапасы төмен екенін білетіндерін айтты. Оған бірнеше себепті де атады. Ведомство ұялы байланыс операторларына жоспардан тыс тексерулер жүргізіп отыратындарын жеткізді.
«Байланыстың төмен жылдамдығы мен сапасының себебі әртүрлі фактіге байланысты болуы мүмкін. Яғни базалық станцияларға жүктелуі, ғимараттың конструкцияларының ерекшеліктері, станцияларды жаңғырту қажеттіліктері және тағы да басқалары», – деді ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің баспасөз хатшысы Ерхан Тәткен.
Жауапты министрліктің мәліметінше, бүгінгі таңда 116 қала мен 4 мың 800-ге жуық ауыл ұялы байланыс пен интернетпен қамтамасыз етілген. Олар шалғайдағы ауылдардың тұрғындарын барынша қамтамасыз етуге тырысудамыз деп ақталды. Алайда сарапшылар министрлік белгілеп отырған мерзім ішінде Қазақстан аумағы интернет байланысымен толық қамтамасыз етілетініне күмән келтіріп отыр.
«Тек Еуропа елдері 100 пайыз интернетке қол жеткізді. ҚР әлемдегі аумағы бойынша тоғызыншы ел болғандықтан, осынау кеңбайтақ даланы жоғары жылдамдықтағы байланыспен қамту екіталай. Мысалы, мен Канадада және АҚШ-та болғанымда бұл елдерде де интернетке қосылу проблемасы бар екенін көрдім. Экономикалық тұрғыдан мықты мелекеттерде де мұндай мәселе бар», – деді сарапшы Нүркен Халықберген.
Базалық стансаларды орнату оңай процесс емес дейді сарапшы. Ол үшін ұялы байланыс операторы рұқсат алуы керек. Бұл жұмыс кейде 6 айға дейін созылады екен.
Асылбек Тойбек, Данияр Омар, Нурлан Өтегенов, «Алматы» телеарнасы