Қолайсыз ауа райы: 12 облыста 100-ге тарта учаскесі жабылды

14.12.2023 20:34

Көмек көрсету мақсатында 500-ге жуық жылыту пункттері құрылған

Almaty.tv

Қазақстанның кей өңірінде боран соғуы мүмкін. Синоптиктердің болжауынша, еліміздің батысында қар жауып, оңтүстіктегі таулы аймақтарда қалың тұман түседі, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Ауа райына байланысты 12 облыстағы халықаралық және республикалық, сондай-ақ жергілікті жолдардың 100-ге тарта учаскесі жабық. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін трассаларда полицейлер мен құтқарушылар күшейтілген тәртіппен қызмет етуде. Түркістан мен Жамбыл өңірлеріндегі ахуалға қарай бүгін жедел штаб та құрылды. Құзырлы органдар аяз келгелі барша халыққа көлікпен сапарға шығудың аса қауіпті екенін ескертіп жатыр. Алайда оған құлақ асқандар қатары аз көрінеді.

Ішкі істер министрлігінің мәліметіне сүйенсек, соңғы 3 күнде қар құрсауынан мыңнан астам адам құтқарылған. Олардың 25-і - бала. Бүгінде 12 облыстағы трассалардың 100-ден аса учаскесінде қозғалысқа шектеу енгізілген. Онда көмек көрсету мақсатында 500-ге жуық жылыту пункттері құрылған.

– Ауа райының нашарлауына байланысты жол көрінбей қалып жатыр. Сол себепті Түркістан мен Жамбыл облыстарының арасындағы трассалардың кейбір бөлігі жабылды. Шектеулер көліктің барлық түріне енгізілді, – деді «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы» АҚ филиалының директоры Саят Алтынбеков.

Сарышұнақ аяз салдарынан сапары аяқсыз қалғандар көп. Мысалы, бірнеше күн бұрын Сарыағаштан Астанаға жүрген автобус Қарағанды облысына жеткенде оталмай, 20 жолаушы жолда қалған. Ахуал күрделенгендіктен, кей өңірлерде патрульдік экипаждар саны 2-3 есеге көбейді. Құрсауда қалғандар жылы жерге жеткізіліп, ыстық тамақ пен уақытша төсек-орын беріліп жатыр. Аяздан құтқарылғандар арасында шетел азаматтары да бар.

– Балқашта бір күн қалдық. Жол жабық. Қазір Қарағандыдан полицейлер және әкімдік қызметкерлері әкімдікке әкеліп, жылы тамақ берді, – деді жолаушы Әубәкір Хайтов.

Синоптиктердің болжауынша, алдағы күндері бірнеше өңірде аяз қайтқанымен, кей жерде боран соғуы мүмкін.

– 15-16 желтоқсанда еліміздің батысында, оңтүстігінде және оңтүстік-шығысында атмосфералық фронталді бөлімдердің өтуіне байланысты қар жауады. Республиканың батысында, оңтүстігінде және оңтүстік-шығысында желдің күшейіп, бұрқасын, таулы аудандарда тұман, шаңды дауыл болады. Қазақстанның шығысында 30-40 градус аяз сақталады, – деді «Қазгидромет» РМК инженері Афродита Пірімжар

Бүгінде Түркістан мен Жамбыл облыстарындағы жағдайға байланысты Көлік министрлігінің ахуалдық орталығында жедел штаб құрылған. Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін трассаларда полиция қызметкерлері күшейтілген тәртіппен қызмет етуде.

Оразай Нұртайұлы, Алмат Ілиясов, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Еліміз бойынша мыңнан астам адам қар құрсауынан құтқарылды